Елде 17 мыңнан астам әйелде сүт безі обыры ерте кезеңде анықталды
Елде ұлттық скрининг бағдарламасы іске қосылғалы 20 мыңға жуық әйелде сүт безі обыры анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Маммографиялық тексеру қыз-келіншектерге бұл сырқатты ерте анықтап, дер кезінде ем алуға мүмкіндік береді. Қазір 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тегін тексеруден өте алады. Дәрігерлердің айтуынша, ауру бастапқы кезеңде еш белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан шағым болмаса да, жоспарлы тексеруден өтіп тұрған жөн.
Жарты жыл бұрын елорда тұрғыны Валентина Степанцоваға сүт безі обыры диагнозы қойылды. Тексеріс дер кезінде жүргізілгендіктен, жаман ауру ерте анықталды. Соның арқасында науқас уақытылы емделіп шықты.
Валентина Степанцова, науқас:
– Маған операция жасалды, қазір химиотерапиядан өтіп жатырмын. Барлық қыз-келіншекті скринингтен уақытылы өтуге шақырамын. Өйткені бұл ең алдымен өз денсаулығымыз үшін қажет. Мен емнің барлығын Қазақстанда қабылдап жатырмын. Шетелге барудың қажеті жоқ. Бізде білікті дәрігерлер көп.
Сүт безі обырын дер кезінде анықтау емнің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Емдеу шаралары да жеңіл болады.
Ербол Жапаров, онколог-маммолог, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы:
– Бізде мынандай 5 жылдық көрсеткіш деген бар. Мысалы, 1-ші стадияда 95-96 пайыз науқастар 5 жылдан артық өмір сүреді. Егерде ол 2 сатысы болса, ол 85 пайызға түседі. 3 сатыста 65 пайыздан төмен болады. 4 сатыда 10 пайыздан артық кісі 5 жылдан артық өмір сүреді. Сондықтан дер кезінде обырды анықтап, оны емдеген дұрыс болады.
Қазақстанда әйелдер сүт безі обыры скринингінен 2007 жылдан бері өтіп жатыр. Маммографияның көмегімен көлемі бір сантиметрге жетпейтін ісікті де көруге болады. Қазір профилактикалық тексеру 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдерге қолжетімді. Олар екі жылда бір рет маммографиядан өте алады.
Қазыбек Қарабаев, Көпсалалы медицина орталығы жанындағы Маммология орталығының жетекшісі:
– Біз сүт безі обырының 70 пайыздан астамын 1-ші және 2-ші сатысында анықтап отырмыз. Бұл пациент үшін де, емдеп жатқан дәрігерлер үшін де, жалпы мемлекет үшін де өте қолайлы. Өйткені науқас тез емделіп шығады, тез өз ортасына, жұмысына оралады. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан да шығын аз болады. Әрине, науқасты емдеген кезде біз экономикалық жағын ойламаймыз, өйткені біздің басты мақсатымыз – науқасты емдеп шығару.
Сүт безінде өзгерістер байқалса, оған бейжай қарауға болмайды. Мәселен, бір омыраудың пішіні өзгеріп, терісі қызаруы немесе ісінуі мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт өткізбей, дәрігерге қаралу қажет.
Қазыбек Қарабаев, Көпсалалы медицина орталығы жанындағы Маммология орталығының жетекшісі:
– Сүт безі ісігінің пайда болу себептері өте көп. Оның ішінде тұқым қуалаушылық та бар. Мысалы, етеккірдің ерте немесе кеш келуі, қандай да бір гинекологиялық аурулар да себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ гормоналды ағзалардың, гормоналды органдардың зақымдануы да аурудың пайда болуына әкелуі мүмкін. Зиянды факторларға темекі шегу, алкоголь тұтыну сияқты әдеттер жатады.
Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған үш негізгі скринингтік бағдарлама бар. Олар сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырын анықтауға бағытталған. Нәтижесінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 30-35 пайызға төмендеді.
Манас Рамазанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
– Қазір науқастарға диагностиканың барлық түрі, хирургиялық ота, химиотерапия және сәулелік ем қолжетімді. Сонымен қатар аурудың қайталану қаупін төмендететін заманауи биологиялық препараттар қолданылады. Операция кезінде сүт безін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пластикалық әдістер де пайдаланылады. Әр өңірде онкологиялық орталықтар жұмыс істейді. Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы бар. Мұнда ПЭТ-КТ және протондық терапия сияқты заманауи технологиялар енгізілген.
Қазір әйелдердің 90 пайызы үшін скрининг қолжетімді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүреді. «Дегенмен ауруды ерте анықтау үшін әр әйелдің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны маңызды», – дейді мамандар.
Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев