Қазақстанда «Алтын виза» енгізіледі: шетелдік инвесторлар мен мамандарға жаңа мүмкіндік

Фото: depositphotos.com

Астанада көші-қон саясатын жетілдіру және шетелдік мамандарды тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».  

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев көші-қон заңнамасын жетілдіру  мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Талқылауға «Отандастар қоры» КеАҚ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшылары, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) өкілдері, сондай-ақ отандық бизнес қауымдастық мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Кездесуде шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды Қазақстанға тарту  және еңбек ету шарттарын жеңілдету мәселелері қаралды. Инвесторлар мен сұранысқа ие кадрларға ұзақ мерзімді құқықтық мәртебе беруге мүмкіндік жасайтын тетік ретінде «Алтын виза» жүйесін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.                                                                                                                                                                            

Эльдар Күзенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген көші-қон ағындарын реттеудің жаңа әрі бәсекеге қабілетті моделі қалыптасып жатқанын атап өтті. 

«Негізгі құралдардың бірі ретінде «Алтын виза» институты енгізіледі. Ол инвестициялық және жоғары білікті резиденттік жүйені қамтып, шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Бұл тетік экономиканың дамуына қажетті инвесторлар мен тапшы кадрлардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге бағытталған. «Алтын виза» олардың Қазақстанда жұмыс істеуі мен қызмет жүргізуін едәуір жеңілдететін кең мүмкіндіктер пакетін ұсынады», – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар көші-қон қызметтерін цифрландыру, e-Resident жүйесі бар QazETA платформасын іске қосу және шетелдік дипломдарды автоматты тану мәселелері талқыланды. Жаңа жүйе «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп, Astana Hub инфрақұрылымымен біріктіріледі.

Жиын қорытындысында көші-қон реформасын іске асыру бойынша ведомствоаралық жұмыс алгоритмі бекітілді.