Заңнамаға «медициналық туризм» ұғымы енгізілмек
Қазақстан заңнамасына «медициналық туризм» ұғымы енгізілмек. Тиісті құжатты бүгін Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Соңғы жылдары елімізде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, Қазақстан 80 мыңға жуық шетелдік науқасты қабылдаған. Сондықтан мамандар бұл саладағы кедергілерді жойып, жүйелі реттеудің уақыты жеткенін айтады, деп хабарлайды 24KZ.
Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында миға пышақсыз операциялар жасалады. Ондағы гамма-пышақ құрылғысы осыған дейін 2700-дей адамның дертіне дауа сыйлады. Тың технология емдегендердің бірі – қырғызстандық Жарқын Әріпқұлова.
Жарқын Әріпқұлова, қырғызстандық емделуші:
– Ауруханаға басымның айналуына байланысты жаттым. Кейін МРТ-ға түстім. Тексеру нәтижесі бойынша нейрохирургке қаралуым керектігін айтты. Нейрохирургия бөліміне барғанымда, ота жасау қажеттігін түсіндірді. Балаларым да осы жаққа, Астанаға емделуге келейік деп шешті. Мұнда сәулемен емдейді екен. Сол себепті осында келдім. Қазақстанға емделу үшін науқастар көбіне көрші елдерден келеді. Сонымен қатар Үндістан мен Түркиядан да арнайы келетіндер бар.
Нұрзат Сығай, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері:
– Еуропа елдерінен де науқастар болды. Алайда олардың үлесі көп деп айта алмаймын. Көбіне көршілес мемлекеттерден келеді. Бір ерекшелігі, жыл сайын гамма-пышақ әдісіне қызығушылық артып келеді. Әріптес дәрігерлеріміздің де бұл емдеу әдісі туралы хабардарлығы артып, науқастар саны жылдан-жылға өсуде. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, кейінгі жылдары шетелдік пациенттер саны 4,5 есе өскен. Бұған елдегі медициналық мүмкіндіктердің артуы себеп. Мәселен, қазір Қазақстанда күрделі операциялар жасалып, жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Сондықтан медициналық қызметтерге сұраныс жыл санап артып келеді.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
– Осыған байланысты одан әрі дамыту үшін заңнамаға медициналық туризм ұғымын енгізу ұсынылады. Сонымен қатар шетелден емделуге келген азаматтарға қызмет көрсету мен оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. КСМ. Дегенмен министрлік өкілі Қазақстан азаматтарын медициналық қызметпен қамту басты назарда болатынын айтты. Ал өзгерістер құжатқа енсе, елге медициналық туристерді шақырумен айналысатын ұйымдар тізімі кеңеймек. Сондай-ақ медициналық ұйымдарға пациенттерді сүйемелдеу қызметтерін құру мүмкіндігі беріледі.
Автор: Серік Селеубайұлы