Астана әуежайы маңында бірнеше сағатқа көлік қозғалысына шектеу енгізіледі

Фото: gov.kz

Елорда әуежайының аумағында көлік қозғалысының сызбасы уақытша өзгереді, деп хабарлайды «24KZ».

2026 жылғы 21 мамырдан бастап Астана халықаралық әуежайы аумағында жол жөндеу жұмыстары басталады. Атап айтқанда, вокзал маңындағы алаң мен кіреберіс жолдардың асфальт жабыны жаңартылады.

Жөндеу жұмыстарына байланысты кейбір аумақтар уақытша жабылып, соған сәйкес әуежай ішіндегі көлік қозғалысының бағыты өзгереді. Сонымен қатар қоғамдық көліктер мен такси бағыттарына да уақытша өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Әуежай әкімшілігі жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлап, қозғалыстағы ықтимал шектеулерді ескеруді сұрады.

Сондай-ақ әуежай өкілдері уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, елорда тұрғындары мен қонақтарына түсіністік танытқандары үшін алғыс білдірді.