Қазақстанда қауіпті өндіріс орындарындағы адам өлімі үш есеге азайды

Фото: kaptechnology

Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде қауіпті өндірістік нысандардағы адам өлімі үш есеге, ал жарақаттану деңгейі 25 пайызға төмендеді. Бұл туралы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамада айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Биылғы жылдың алғашқы бес айында бақылаудағы кәсіпорындарда 43 оқиға мен 12 авария тіркелген. Қазір жұмысшылар қаза болған «Востокцветмет» шахтасы мен «Қазцинк» зауытындағы апаттар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп, тексерулер саны 2,5 есеге артты. Нәтижесінде 10 мыңнан астам қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталып, 523 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы 55 шахта мен кен орны тексеріліп, оның 45-інде жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Бүгінде 14 шахта мен кен орнындағы бейнебақылау және позициялау жүйелері Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс орталығына қосылған. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген 600-ден астам өндірістік объекті мен техникалық құрылғының жұмысы уақытша тоқтатылды.

 Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленуде. Жаңа жүйе қауіпті өндірістік нысандарды бақылауға, тәуекелдерді болжауға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеулерге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Сейсмология институты «Қазақмыс» кәсіпорындарының тау-кен учаскелеріндегі деформациялық өзгерістер мен опырылу қаупі жоғары аймақтарды анықтау бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр.

Саладағы кадр тапшылығын азайту мақсатында 1 шілдеден бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларының жалақысына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы белгіленді.