Жітіқара тұрғыны өгей ұлын өлтіріп, әйеліне пышақ жарақатын салғаны үшін 23 жылға сотталды
Қостанай облысының Жітіқара қаласының тұрғыны өгей ұлын өлтіріп, жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін 23 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл сәуірде ер адам алкогольдік масаң күйде жанжал кезінде жұбайының іш тұсына пышақ сұғып, оған ауыр дене жарақатын салған.
Жәбірленушінің айқайын естіген кәмелетке толмаған ұлы оқиға орнына жүгіріп келіп, сотталушыны тоқтатуға әрекет жасаған. Өгей ұлы оның қолындағы пышақты қағып алмақ болған кезде, ер адам жасөспірімнің кеуде тұсына төрт рет пышақ сұққан. Кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан қаза тапты.
Сотталушы әйелін өлтіруге бағытталған әрекетін жалғастыра алмаған. Жанжалға араласқан жәбірленушінің ағасы ер адамды қарусыздандырған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу ұсынылды. Ал жәбірленушілер сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады.
Сот қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағанын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде таныды. Нәтижесінде оған 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.