Зейнетақы бюджеті: 6 миллиард теңге қателікпен төленіп кеткен

Қазақстанда тексеріс барысында зейнетақы төлемдерінде қателіктер анықталған. Соның салдарынан жалпы 6 млрд теңгеге жуық ақша заңсыз немесе қате түрде төленіп кеткен, бірақ ол қаражат әлі толық бюджетке қайтарылмаған. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды  «24KZ».

Жоғары аудиторлық палата тексерген кезде бұл ақшаның бір бөлігі:

қайтыс болған адамдарға,
елден кетіп қалған азаматтарға,
немесе хабар-ошарсыз кеткен адамдарға аударылғаны белгілі болған.

Ертаевтың айтуынша, аудит 2020-2024 жылдар аралығын қамтыған. Тексеру нәтижесінде 67 мың шетелдік жалпы сомасы 20,9 млрд теңге болатын зейнетақы алғаны анықталды. Бүгінде оның 57 мыңы қаржыны кері қайтарған. Қайтарылған қаржы 13,9 млрд теңгеден астам соманы құрады.

 Ал қайтыс болған 120 зейнеткерге қатысты 500 млн теңгеге жуық қарызды сот есептен шығарып тастады.

Бірақ қалған 6 млрд теңге әлі толық бюджетке түспеген.