Астанадағы екінші әуежайдың орны белгілі болды»: әкімдік ресми мәлімдеме жасады
Астанада болашақта салынуы мүмкін екінші әуежайдың орны анықталғаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында тарады. Мәліметке сәйкес, нысан елорданың солтүстік-батыс бағытында, Шортанды ауылы маңында орналасуы мүмкін екені айтылған, деп хабарлайды «24KZ».
Ұсынылып отырған аумақ елорда шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан 73 шақырым қашықтықта орналасқан.
Алайда кейіннен Астана қаласының әкімдігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Шортанды бағыты, Астана – Көкшетау тасжолы бойындағы аумақ» Астана қаласының әкімшілік шекарасына кірмейді. Сондықтан аталған аумақ екінші әуежайдың орны ретінде қаланың бас жоспарында қарастырылуы мүмкін емес.
Сондай-ақ қала билігі қазіргі уақытта екінші әуежайдың нақты орналасатын орны бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын хабарлады.
Бас жоспарға енгізіліп жатқан өзгерістер аясында тек ықтимал перспективалық бағыттар ғана қарастырылуда.
Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен бірқатар сайттарда тараған «екінші әуежайдың нақты орны анықталды» деген ақпаратты әкімдік жалған мәлімет деп атады.