Ел кәсіпкерлері елордада бас қосты

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIV съезі өтті. Жиын барысында Палатаның 2025-2026 жылдардағы жұмысы қорытындысы туралы есеп тыңдалып, алдағы жылдарға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс пен шағымдар да айтылды. Отырысқа еліміздің барлық аймағынан 400-ге жуық бизнес өкілі қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Атамекен кәсіпкерлер палатасының жыл сайынғы съезін әсіресе аймақтағы бизнес өкілдері асыға күтеді. Себебі толғандырған мәселелерін ортаға салып, жауапты министрліктерге тікелей сұрақ қоя алады. Шағын және орта бизнеске Үкімет жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұны маңызды жиынға арнайы келіп қатысқан Премьер министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жеткізді. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы да отандық кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектептер мен ауруханалар, мәдениет ошақтарымен қатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды салуға ауқымды қаражат бағытталуда. Оларды жүзеге жергілікті жердегі шағын және орта бизнес тартылатын болады. Яғни тауарлар мен материалдарды, көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу туралы нақты міндеттер қойылды. Мұның барлығы кәсіпкерлеріміз үшін орасан зор кепілді тапсырыс қалыптастыруда. Сіздер аталған жобаларға белсенді қатысып, өндірісті локализациялау, технологиялық тұрғыдан одан әрі жаңғыртуға басымдық бересіздер деп ойлаймын.

Сондай-ақ жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев бизнес өкілдерінен жиналған 150-ден астам ұсыныс пен шағымды Үкімет басшысының бірінші орынбасарына тапсырды. Олар алдағы уақытта Үкіметте қаралады. Отандық кәсіпкерлер цифрландыру үдерісінен де кеш қалған емес. Палатаның ұйытқы болуымен биыл қолөнер шеберлерінің басын біріктіріп, олардың өнімдерін өткізуге сеп болатын «Шебер» платформасы іске қосылды. Ал BusinessGO платформасына кәсіпкерлер арасында сұраныс артқан.

Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқасының төрағасы:

– BusinessGO жобасы аясында Ұлттық палата кәсіпкерлерге бизнес процестерді автоматтандыруға және сауда қызметінің ашықтығын арттыруға көмектесетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. BusinessGO платформасына деген сұраныс күн санап артып келеді. Ай сайын платформаға 3 мыңнан астам жаңа пайдаланушы қосылады. Бұл кәсіпкерлердің заманауи цифрлық құралдарға қызығушылығын көрсетеді.

Жиынға келген бизнес өкілдері мемлекеттік қолдауды да тілге тиек етті. Әсіресе рұқсат алу процестерінің автоматтандырылуы, әкімшілік кедергілердің жойылуы, түрлі қаржылық қолдаудың көбеюі кәсіп жүргізуге кең жол ашып отыр. «Ал Президент Жолдауда айтқан бизнесті тексеруге мораторий жарияланса, бұл салаға едәуір серпін береді», – дейді кәсіпкерлер.

Айта кетейін, қазір елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Ал олар 4 млндай адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ оқыңыз: