115 мың қазақстандықтың мобильді аударымдарына қатысты тексеріс басталады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанның қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп мобильді аударымдарға жүргізілген аудитті аяқтады. Тексеру нәтижесінде 115 мың азаматтың қаржылық операциялары күмәнді деп танылды, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржы министрі Мади Такиевтың   айтуынша, тексеруге көбінесе төлемдерді кассалық аппаратсыз жеке банк карталары арқылы қабылдайтын такси жүргізушілері мен курьерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ілінген.

67 мың жеке тұлғаның банк карталарына шамамен 670 миллиард теңге түскен. 

Олардың шоттары арқылы жалпы көлемі 1 триллион теңгеден асатын қаражат өткен.

Сондай-ақ,  7,8 мың Қазақстан азаматы емес тұлға да салық органдарының бақылауына алынған.

Ал, ресми тіркелген жеке кәсіпкерлердің үлесіне небәрі 200 миллиард теңге тиесілі болған.

Салық органдарынан хабарлама алу айыппұл салынды дегенді білдірмейді. 

Азаматтарға қаражаттың қайдан түскенін түсіндіру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Егер ақша туыстардан келген көмек, қарыздың қайтарымы немесе ортақ қажеттіліктерге жиналған қаражат болса, оны дәлелдейтін құжаттар мен хат алмасуларды көрсету жеткілікті.

Ал жеке картаға қызмет көрсеткені үшін тұрақты төлем қабылдаған азаматтар кәсіпкерлік қызметпен айналысушы ретінде танылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге міндеттелуі мүмкін.