1 шілдеден бастап теңгенің атауы өзгереді: қолма-қол ақшаға не болады?

Фото: Ұлттық валюта теңге

1 шілдеден бастап елімізде «тенге» сөзі құжаттардан алынып тасталады, деп хабарлайды «24KZ».

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда Салық кодексіне енгізілген ауқымды түзетулер күшіне енеді.

Соған сәйкес, орыс тіліндегі ресми құжаттарда ұлттық валютаның атауы «тенге» емес, «теңге» деп жазылады.

Бұл өзгеріс қоғамда қызу талқыланғанымен, оның тек тілдік және техникалық сипатқа ие екені айтылады.. Яғни, ешқандай ақша реформасы, деноминация немесе қолданыстағы банкноттар мен монеталарды ауыстыру жоспарланбаған.

Мамандардың айтуынша, бұл қадам мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қаржылық терминдерді біріздендіруге бағытталған. Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі де өз нормативтік құжаттарында «теңге» атауын қолдануды ұсынған болатын.

Сондай-ақ бұл өзгеріс банк жүйесінің жұмысына, азаматтардың ақшасына немесе қаржылық операцияларға ешқандай әсер етпейді. Бухгалтерлік бағдарламалар мен ақпараттық жүйелер қажетті жаңартуларды автоматты түрде қабылдайды.

Осылайша, 1 шілдеден бастап өзгеретіні – тек құжаттардағы жазылу үлгісі. Ал қолдағы ақша бұрынғыдай заңды төлем құралы болып қала береді.