Биыл кәсіпкерлерге 3,4 трлн теңгеге дейін ҚҚС қайтарылуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Серік Мақашұлы Үкіметке кәсіпкерлерге ҚҚС-ты уақытылы қайтару мәселесін көтерген болатын. Осыған байланысты Қаржы министрі Мәди Тәкиев, соңғы жылдары кәсіпкерлерге қайтарылатын ҚҚС көлемі тұрақты түрде өсіп келетінін айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша,
2024 жылы бизнеске 1,35 трлн теңге қайтарылған. Ал 2025 жылға 1,8 трлн теңге қайтару жоспарланғанымен, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Министр, жыл басынан бері кәсіпкерлерге 400 млрд теңгеден астам ҚҚС қайтарылғанын айтты. Сонымен қатар тексеруден өтіп, қайтарылуға тиіс шамамен 1 трлн теңге әлі төленбеген. Оның 60 пайыздан астамы «Самұрық-Қазына» құрамындағы компанияларға тиесілі, деді
Жаңа Салық кодексінде ҚҚС-ты қайтару мен әкімшілендірудің жаңартылған тетіктері қарастырылған. Соның арқасында ҚҚС қайтарушылар саны 2,3 мыңнан асып, олардың 600-ден астамы шағын және орта бизнес өкілдері болып отыр.
Дегенмен Қаржы министрлігі бұл мәселе толық шешілді деп есептемейді. Өйткені қайтарылуы тиіс қаражат көлемі әлі де жоғары, ал төленбей қалған қалдықтар жылдан жылға ауысып келеді. Сондықтан жаңа жүйенің тиімділігі уақыт өте келе бағаланатын болады.