СІМ: Қазақстан Еуропадан босқындар қабылдауға міндетті емес

Фото: depositphotos.com

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Еуропадан депортацияланған мигранттар мен босқындарды қабылдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы СІМ өкілі Ерлан Жетібаев брифингте айтты, деп хабарлайды «24KZ».   

Ведомствоның айтуынша, Еуроодақ елдерімен мұндай адамдарды Қазақстанға орналастыру немесе қабылдау жөнінде ешқандай келіссөз жүргізілмеген.

СІМ өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы виза режимін жеңілдету мәселесі мигранттарды қабылдау тақырыбымен байланысты емес екенін атап өтті.

«Еуропаға виза режимінің жеңілдеуі Қазақстанның босқындарды қабылдауға міндетті екенін білдірмейді. Қазақстан Еуропадан босқындар қабылдауға міндетті емес және мұндай міндеттеме алған жоқ», – деді Ерлан Жетібаев.

Бұған дейін кейбір шетелдік басылымдар ЕО Қазақстан мен Өзбекстанда мигранттарға арналған орталықтар ашуды қарастырып жатқаны туралы хабарлаған болатын. Алайда Қазақстан тарапы бұл ақпаратты растаған жоқ.