Қазақстанның жүргізуші куәлігі енді Дубайда да жарамды
Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара таныды. Енді Қазақстанның жүргізуші куәлігімен Дубайда көлік жүргізуге болады, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен БАӘ Ішкі істер министрі шейх Сайф бен Заид Әл Нахаян жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісім жасасты. Құжатқа 25 маусымда Абу-Дабиде қол қойылды.Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Келісім күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар БАӘ-де ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады.
Сондай-ақ, құжатта көрсетілген жағдайларда жүргізуші куәліктерін жеңілдетілген тәртіппен алмастыру мүмкіндігі қарастырылған.
ІІМ мәліметінше, жыл сайын БАӘ-ге шамамен 400 мың қазақстандық барады, ал 14 мыңға жуық азамат сол елде тұрақты тұрады.
Жаңа меморандум олардың жүргізуші куәлігін пайдалану рәсімін жеңілдетіп, қосымша қолайлы жағдай жасайды.
Сондай-ақ, кездесу барысында екі елдің ішкі істер министрлері ұйымдасқан қылмыс, киберқылмыс, есірткінің заңсыз айналымымен күрес, қылмыскерлерді іздестіру, ақпарат алмасу және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін де талқылады.