Astana Media Week 2026: медиа мен технология жауапкершілігі талқыланып жатыр

Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнамалық бастамалар, қаржыландыру және гранттық бағдарламалар арқылы сапалы контентті қолдауды жалғастырады. Әсіресе деректерді тексеруге және отандық контент өндіруге, оның ішінде мемлекеттік тілдегі материалдарды әзірлеуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі. Бұл туралы форумда сұхбат берген Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақ мәлімдеді. Ал халықаралық сарапшылардың пікірі қандай? Бұл турралы 24KZ хабарлайды.


Қазір қатысушылар медиа мен технологиялық платформалардың жауапкершілігі мәселесін талқылап жатыр. Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық аудиторияға таныстыру жолдарына ерекше назарда. Мәселен, Әзербайжаннан келген сарапшылар Орталық Азияның ағылшын тіліндегі ақпараты аймақтан тыс жерлерде жиірек таралуы керек екенін атап өтті. Шетелдік медиа менеджерлердің пікірінше, Қазақстанның бұл бағытта әлеуеті зор. Ал жиынның ашылуына қатысқан Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақ жасанды интеллектіні пайдалану кезінде журналистер мен редакциялардың жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Осы орайда ол жаңа технологияны пайдаланудың бірыңғай қағидаттарын әзірлеуді ұсынды. Ысқақовтың пікірінше, этикалық нормалар журналистердің өздері қалыптастыратын кәсіби стандартқа айналуы тиіс. Айта кетейік, Медиа апталық әлі жалғасып жатыр. Алдағы екі күн бойы Бейбітшілік және келісім сарайында пікірталастар, панельдік сессиялар мен шеберлік сабақтары өтеді. Astana Media Week-ұйымдастырылып келе жатқанына биыл 10-жыл. Осы уақыт ішінде форумға 10 мың адам қатысып, сессияларда 500-ден астам сарапшы сөз сөйлеген. Бұл шара шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиа менеджерлер мен креативті индустрия сарапшылары арасында маңызды диалог алаңы. Биыл форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан өкілдері қатысып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: