Ақтөбеде студенттер 1 тонна макулатура жинады
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері бір күнде бір тонна макулатура мен пластик жинап, арнайы орынға тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Оқу ордасында «Экологиялық тәрбие – таза болашақ кепілі» тақырыбында іс-шара өтті. Тағылымы мол жиынға жастар мен өңірлік экология департаментінің мамандары қатысты.
Ақтөбедегі іргелі оқу орнында бүгін – тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге өткізетін күн. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шара университетте дәстүрге айналды. Соңғы үш жыл бойы әр айдың басында студенттер қағаз қалдықтары мен түрлі пластик бұйымдарын жинап, өңдеу орындарына тапсырады.
Дәурен Оразалин, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті департаментінің бас маманы:
– Жыл басталғалы екі жарым тонна макулатура тапсырылды. Сол тапсырылған ақшаға біз тал сатып алып, жастар аллеясына тал отырғыздық. Қазіргі таңда 235 тал отырғызылды. Тек студенттер емес, профессор-оқытушылар құрамы да, департамент қызметкерлері де қатысып жатыр осы шарамызға.
Сонымен қатар университетте «Экологиялық тәрбие – таза болашақ кепілі» тақырыбында кездесу өтті. Болашақ экологтар облыстық экология департаменті мамандарымен жүздесіп, кәсіби саладағы түйткілді мәселелерді бірге талқылады.
Гүлзат Нұрышева, облыстық Экология департаментінің бас маманы:
– Акцияның мақсаты өзекті. Болашақта біздің қоршаған ортамызды жақсы қалпында, табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылып жатқан акция. Біз өз тарапымыздан осы өндірістік аймақтарда экологиялық талаптардың сақталуын, ауаға шығарындылардың есептерін сонымен қатар жалпы экологиялық кодекстің талаптарын қатаң қадағалауын бақылаймыз.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткен басқосудың басты мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру. Себебі бүгінгі студенттер, болашақ экологтардың басты міндеті – туған өлкенің табиғатын қорғау.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев