Жолдау-2026: әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңі
Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық кеңесі мүшелерінен құралған Жолдауды түсіндіру тобы Қонаевқа барды, деп хабарлайды 24KZ.
Олар облыс активімен және қоғам белсенділерімен кездесіп, өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту мәселелерін бірлесе талқылады. «Бірлік пен қоғамдық келісімнің жаңа кезеңі» атты облыстық конференцияға қатысып, жиналғандардың ой-пікірін тыңдады. Іс-шарада Жолдау жүктеген міндеттер пысықталып, Халық Кеңесінің І сессиясында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды.
Алматы облысы – еліміз бойынша инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 901,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Ең үлкен қозғалған мәселе ол – «Халықтық құрылыс» мәселесі. Жалпы 2029 жылға дейін 70-ке жуық денсаулық сақтау мекемелері салынатыны жайлы Жолдауда айтылған болатын. 50-ге жуық білім беру, спорт, мәдениет мекемелері салынатыны айтылған болатын. Бұл – өте үлкен ауқымды жоба.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Алатау Ситиді дамыту арқылы мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, заманға сай академиалық, мәдени-іскерлік қалашықтар қалыптасатынын айтты. Алатау қаласында қазір 30 шақты инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр.
Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– Алматы облысы – үлкен өңір, өте қуатты өлке. Мұнда енді 2 млн-ға жуық халық тұрады. Алатауды салу, өркендету бар. Осы заманғы супер ақылды қала пайда болатын болса, біздің мәртебемізді биіктететін үлкен бір құрылыс жобасына айналады.
Былтырғы жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 13,3%-дан асты. Өнеркәсіп өндірісі 13,6%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгеге, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 630,5 млрд теңгеге жетті. Аталған көрсеткіштер бойынша өңір республикадағы үздік бес облыстың қатарына кіреді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай.