Алматыда «GITEX Central Asia/Kazakhstan 2026» форумы басталды
Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің цифрлық даму бағытындағы стратегиясын Еуразияның цифрлық хабына айналу, елде бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені қалыптастыру және заманауи ІТ-шешімдерді экономикаға енгізу сияқты міндеттермен межелесе, бүгін осы бағыттарда үлкен қадам жасалмақ.
Бүгін-ертең Алматы GITEX Central Asia форумының алаңы ретінде әлемдік АиТи технологияларды тоғыстырған орталыққа айналмақ.
Әдетте әсем Алматыға туристер ағылса, бүгін әлемнің түкпір түкпірінен озық технологиялар, Жасанды интеллект және инновациялар негізінде жер жаһанды өзгертуші архитекторлар, яғни саланың ғалымдары, практик мамандар мен амбициясын айға білеген стартапшылар Алатау баурайына ағылуда. Санаулы уақыттардан соң Алматыда GITEX Central Asia форумы шымылдығын түрмек.
Еске сала кетейін, GITEX – Gulf Information Technology Exhibition, яғни ақпараттық технологиялар көрмесі. Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырлады. Бұл платформаның тарихы 1981 жылдан басталған компьтерлік технологиялар көрмесінен тамыр тартады. Алайда уақыт талабына қарай оның ауқымы мен міндеті өзгерді, қазір 105 мемлекет пен 7 мыңға жуық компаниянының мүддесі ұштасып, жаһандық сипатқа ие болып отыр. Тиісінше GITEX платформасының қарқынды дамып келе жатқан әлемдік орталықтарға қанат жаюы, Цифрлық дамуда өршіл мақсат қойып отырған біздің еліміз үшін іздегенге сұраған. Атакент көрме орталығында бүгін 60 тан астам мемлекеттен 300 ден аса стартап, 600 компания, 4 жарым мың компания жетекшісі мен он мыңның үстінде кәсіби маман қатысады.
GITEX Central Asia форумы ақылды және цифрлық инфрақұрылым, киберқауіпсіздік, дата орталықтар, 4-ші өндірістік саты, энергетикалық трансформация, венчурлық капитал тарту сияқты 7 негізгі бағытты қамтиды. Шараға ЖИ саласының әлемдегі жетекші мамандары келіп жатыр. Жылдың ең басты цифрлық форумына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.