Алматыда GITEX AI Kazakhstan форумы аяқталды
GITEX AI Kazakhstan форумының маңызы зор. Ретімен айтсақ, әуелі технологиялық секторға шетелдік инвестициялар тартуға ықпал етеді.
Сондай-ақ бизнес пен экономикаға серпін береді. Іскерлік белсенділік пен елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Әрі туризм мен сервистік экономиканың да тамырына қан жүгіреді. Сарапшылар, елдің халықаралық технологиялық және инвестициялық қауымдастық арасындағы танымалдығы артады деп отыр. Нәтижесінде Қазақстанның Еуразиядағы технологиялық хаб ретіндегі тұрақты имиджі қалыптасады.
Жиынның екінші күні сарапшылар жасанды интеллектінің мүмкіндігін талқылады. Қазір қаражат жасанды интеллект пен deep tech саласына бағытталып жатыр. Инвесторлар осы арқылы технологиялық экожүйе қалыптастыра бастады. Бірыңғай стандарттар құрып, жасанды интеллект этикасы мен ыңғайлы инфрақұрылым жасауды қолға алды.
Джитин Кумар, Supernova байқауының қатысушысы:
- Мен блокчейн-стартапты таныстырдым. Қазір біз жиырмаға жуық жоба әзірлеп жатырмыз. Бұған дейін Дубай мен Сингапурда өткен көрмеге қатыстық. Енді міне сіздердің елге келіп отырмыз. Біз үшін үлкен тәжірибе болды. Қазақстан жасанды интеллект, IT, цифрлық дамуға мемлекеттік деңгейде қолдау білдіріп отыр. Көріп шықтым. Ерекше қызықты жобалар баршылық.
Стартап жобалары үшін GITEX AI Kazakhstan инвестор табуға жағдай жасайды. Инвестор демекші форумға 30-ға тарта елден 100-ден астам инвестор келген. Олардың жалпы активі 200 миллиард доллардан асады. Қазақстан тарапы үздік 50 стартап жобаны ұсынды. Солардың бірі жас ғалымдар жасаған аяқ-қолға арналған бионикалық протездер.
Аяулым Асылбекова, IT инженері:
- Демонстрация жасап жатыр. Адам қандай қимылдар жасайды. Біздің протез сондай қимылдарды жасайды. Қайталайды. Жалпы біздің мақсатымыз өзіміздің протездерді жасап шығару. Мұның барлығын Қазақстанда жасағанбыз.
Тағы бір қазақстандық стартап Senim цифрлық платформасы. Жоба буллингке қарсы күресуге және мектептер мен компанияларда психологиялық жағдайды тұрақтандыруға арналған. Аноним өтініштерді, сараптаманы және әрекет ету жүйесін бір интерфейске біріктіреді. Бұл тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және шиеленістің алдын алуға көмектеседі. Мақсат - қауіпсіз орта құрып, балаларға өздерін толғандырған мәселелер туралы ашық айтуға мүмкіндік беру.
Ханифа Мағжан, Senim жобасының тең құрылтайшысы:
- Біз бұл мәселені түбегейлі жойып, балалардың өздерін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасағымыз келеді. Олар қай кезде болсын ойын айта алатын орта бар екенін білуі тиіс. Мұны мемлекет те, мектеп те қолдайды. Қоғамда айтсам ұят болады деген болмауы тиіс. Біз дәл осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Еліміз цифрлық даму қарқыны жоғары. Жасанды зердені дамыту бағытында Қазақстан Орталық Азия өңірінде алдыңғы қатарда. Осы арқылы Қазақстан экономикасының негізгі драйверіне айналып келеді. Цифрландырудан AI-экономиканы қалыптастыру кезеңіне өтіп жатырмыз. Сондықтан, GITEX - мемлекеттік стратегия нақты іске асатын алаң.
Айбар Үсен, компанияның коммерциялық директоры:
- Жалпы Regula AI деген әртүрлі компаниялардың кәсіпорындардың ішкі документтерінің халықаралық немесе мемлекеттік деңгейдегі құжаттарға сәйкестігін тексеретін ЖИ арқылы жұмыс жасайтын қолданба. Ол көптеген компаниялар млн долларлап құртатын консалтингтік сервистердің орнына замена ретінде келеді. Біздің клиенттеріміз қаржы саласы. Банк, «страхование» және ірі кәсіпорындар, мұнай саласы немесе фармацевтика саласы.
Форум аясында Supernova байқауы өтті. Бірінші орынға мемлекеттік органдармен электронды құжат айналымына арналған қазақстандық IDOCS стартапы лайық деп танылып, 15 000 доллар сыйақыны иеленді. Екінші орын 10 000 долларды Өзбекстанның GetMobi стартапына, ал үшінші орын қазақстандық AiSaat стартапына берілді. Жүлде 5 000 доллар.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев, Сержан Жұмабаев