ЖИ мамандарына шетелдік тағылымдамадан өтуге алғашқы «Болашақ» стипендиялары берілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онда жасанды интеллект саласы мамандарына «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа стипендиаттардың 137-сі – магистратурада, 10-ы докторантурада оқиды. Ал 37 отандасымыз шетелдік университеттер мен орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтеді. Орта есеппен бір орынға шамамен 6 үміткерден келді. Бұдан бөлек 51 жерлесіміз әлемнің жетекші ғылыми- зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Айта кетейік, былтыр комиссия шешімімен жасанды интеллект саласындағы кәсіби тағылымдамаларға арналған жеке санат бекітілді. Комиссияның бұл жолғы отырысында аталған санат бойынша алғашқы стипендиялар тағайындалды. Дарынды шығармашыл жастарды қолдау мақсатында Республикалық комиссия «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатта білім алуға мүмкіндік беретін санаттардың тізімін толықтырды. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен қатар, енді халықаралық шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері де «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.