Қазақстан ЖИ-ды басқару мәселелері жөніндегі жаһандық диалогқа қатысып жатыр
Жасанды интеллект технологиялары көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Женевада жасанды интеллектті басқару мәселелері жөніндегі алғашқы Жаһандық жиынның ашылуында осылай деп мәлімдеді. Форумға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның саладағы басты жетістіктерін таныстырды.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Жасанды интеллект. Қазіргі дамудың бәрі осы ұғым айналасында. Бірақ оны қалай жетілдіреміз, адамзатқа қандай игілік береді деген сұраққа жауап қиын. Женева осы аптада жасанды интеллекттің жаһандық орталығына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл технологияның дамуын «адамзаттың нақты жоспары жоқ ауқымды тәжірибе» деп атады. Сондықтан бүгінгі басты міндет – оны басқарудың бәріне ортақ қағидаларын қалыптастыру.
Алдағы үш жылда толық цифрлық мемлекетке айналуды мақсат еткен Қазақстан үшін бұл мәселелердің маңызы зор. Жиында сөз сөйлеген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің цифрлық саладағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект және Киберқауіпсіздік туралы заңдар қабылданып, мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн қолжетімді екенін атап өтті.
БҰҰ-ға мүше барлық елдердің өкілдері қатысып жатқан Жаһандық диалогтың күн тәртібі өте тығыз болғанына қарамастан Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан делегациясымен жеке кездесу өткізді. Келіссөздің басты тақырыбы – Қазақстан мен Ұйым арасындағы цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Қазақстан БҰҰ үшін цифрлық экожүйені дамытуға арналған өңірлік хабқа айналып келеді. Біздің бұл форумға қатысуымыз басқа мемлекеттермен бірге жасанды интеллект саласындағы жаһандық саясатты қалыптастыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ортақ ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Елімізде суперкомпьютерлік кластерлерді дамыту, Деректер орталықтары алқабы сияқты маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылып, халықаралық интернет трафиктің транзиттік әлеуеті күшейеді.
Қазақстан делегациясы Женевадағы диджитал апта аясындағы іс-шараларға қатысуын жалғастырады. Алдағы күндері еліміз өз ұстанымын «AI for Good» жаһандық форумында және Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесуде таныстырады.
Айдана Айтбекқызы