Ұлттық қауіпсіздік комитеті деректердің «сатылуы» туралы ақпаратты тексеріп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарға қатысты деректердің «сатылуы» туралы ақпаратты тексеріп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желіде еліміздің Жоғарғы сотына тиесілі деректер даркнетте тарағаны туралы мәлімет шыққан. Жаслан Мәдиев қазақстандықтардың дербес деректерін қорғау талаптары бұзылғаны анықталған жағдайда жауапты тұлғалар жаза арқалайтынын жеткізді. Жауапкершілік ұйымның бірінші басшысына да, мекеменің өзіне де жүктеледі. Сондай-ақ министр осы сипаттағы ақпараттар желіде ара-тұра «қылаң беріп» тұратынын әрі көбіне онда қажетсіз файлдар, тіпті еліміздің азаматтарына қатысы жоқ суреттер де кездесетінін атап өтті Үкіметте өткен брифингте. 

Жаслан Мәдиев,  ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Нақты осы жағдай бойынша қазір Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп тексеріс жүргізіп жатыр. Оның барысында аталған ақпараттың мазмұны, осы файлдарға қол жеткізу мүмкіндігі және файлдардың ішіндегі мәліметтер зерделенеді. Сонымен қатар мемлекеттік органда қандай да бір рәсімдік бұзушылықтарға жол берілгені тексеріледі. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті әкімшілік айыппұлдар салынады.

Сондай-ақ оқыңыз: