Жұмыс, баспана, мемлекеттік қолдау: Қазақстанда жаңа сервис іске қосылды
Жаңа қалаға немесе облысқа көшуді жоспарлап жүрген азаматтар енді алдын ала сол өңірдегі жұмыс мүмкіндіктерін бағалай алады. Ол үшін migration.enbek.kz порталында жаңа цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды «24KZ».
Сервис арқылы пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, ондағы бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар, мемлекеттік қолдау шаралары және тұрғын үй мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл құрал азаматтарға қоныс аудару туралы шешімді алдын ала жоспарлап, өз мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.
Порталда әсіресе еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратқа ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік-техникалық бағыт, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және әлеуметтік сала мамандарына қажеттілік жоғары.
Сұранысқа ие мамандар қатарында дәрігерлер мен мейіргерлер, мұғалімдер, инженерлер, агрономдар, ветеринарлар, жүргізушілер, механизаторлар, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар, құрылысшылар, бухгалтерлер мен экономистер бар.
Мамандықтар тізімі өңірлердегі еңбек нарығының өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Бұл азаматтарға қай жерде өз білімі мен тәжірибесіне сай жұмыс табу мүмкіндігі жоғары екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға арналған байланыс деректері көрсетілген.
Еске салайық, 2026 жылы ерікті қоныс аудару бағдарламасына Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары енгізілді.
Жаңа сервис қоныс аударуды жоспарлаған азаматтарға өңірді дұрыс таңдауға, жұмыс мүмкіндігін алдын ала бағалауға және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз