Цифрлық дәуірдегі парламенттердің ролі талқыланды
Парламентаралық одақтың жаңа Президенті жұмыс сапарын Қазақстаннан бастады.
Милтон Дик Құрылтай төрағасымен кездесіп, мемлекеттердің цифрлық дамуындағы парламенттердің ролін талқылады. Айбек Дәдебай мейманға аймақтағы ең қуатты 2 суперкомпьютер елде іске қосылғанын жеткізді. Үшіншісі де жақын арада қолданысқа өтпек. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн режимде көрсетіледі. Заманауи IT мамандарын даярлауға да ден қойылған. Жасанды интеллект саласындағы дағдыларды меңгеру үшін «AI-Sana» бағдарламасының жүзеге асырылғанын айтты.
Айбек Дәдебай, Құрылтай төрағасы:
- Цифрлық технологияларды дамыту Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі және «Жасанды интеллект туралы» Заң әзірленіп, күшіне енді, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы қабылданды.
Парламентаралық одақ ең көне әрі ірі халықаралық ұйым саналады. Құрамына 183 ұлттық парламент және қауымдастырылған мүшелер ретінде 15 өңірлік парламентаралық ұйым кіреді.
Милтон Дик, Парламентаралық одақтың президенті:
- Қазақстанға Парламентаралық одақтың Президенті ретінде алғашқы сапарымды жасағаныма өте қуаныштымын. Қазақстанның электронды парламенттен жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын парламентке көшу бағытына деген ұстанымы мені ерекше тәнті етті. Сондай-ақ осы үдерісті жүзеге асыруға Құрылтай депутаттарының қосып жатқан үлесімен танысу мүмкіндігіне ие болдым.