Астанада тұңғыш Еthnophygital жарысы өтті
Асық ату, тоғызқұмалақ және ұлттық биден дәстүрлі жарыс цифрлық кеңістікте жаңғырды. Астанада Ethnophygital деп аталатын халықаралық жарыс ұйымдастырылды.
«Болашақ ойындарының» аясында өйткен шараға 50-ден астам жеткіншек қатысты. Фиджитал асық ату, тоғызқұмалақ және ұлттық би додасына түскен әр қатысушы алдымен цифрлық немесе интерактивті ортада тапсырманы орындауға тиіс. Кейін нақты спорттық, зияткерлік немесе шығармашылық сынақта өз шеберлігін көрсетеді. Қорытынды нәтиже екі кезеңнің жиынтық ұпайымен анықталады. Бұл тәсіл ұлттық дәстүрдің төл болмысын сақтай отырып, оны жас ұрпаққа тартымды әрі түсінікті етпек. Жаңа бағыттағы сайыстарға Қазақ ұлттық спорт университеті мен Этнофиджиталды дамыту академиясы мұрындық болды.
Дәулет Нұрболатұлы, Қазақ ұлттық спорт университеті департаментінің директоры:
- Ұлттық спортымызды цифрландыру - болашақта танымал етуге бағытталған. Қазіргі заман талабы сол. Барлығының қолдарында гаджет. Сондықтан балаларды осындай ұлттық спорттарға баулып жатырмыз.