Астанаға көшкен тұрғындар саны Алматыдан асып түсті
Елде урбанизация ырыққа көнер емес. Ауылын тастап, қалаға ағылған адам саны жыл сайын артып барады. Статистика бойынша Қазақстан халқының 64%-дан астамы қалада тұрады, деп хабарлайды 24KZ.
Елді мекеннен кеткен әрбір төртінші тұрғын Астана, Алматы және Шымкент шаһарын таңдайды екен. Бұл туралы «SARAP» сарапшылар клубының отырысында айтылды. Тағы бір қызық дерек, бүгінде мегаполиске көшкендердің басым бөлігі бұрынғыдай Алматыны емес, бас қаланы таңдайтын болған. Жыл сайын шамамен 100 мыңға жуық жан Астана қаласының тұрғыны ретінде тіркеуге тұруда.
Шынар Төлешова, Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының Демографиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Біз енді көшті деген кезде көшкен адамның өзі бірден қала тұрғыны болып тіркелмейді. Ол 10 жылдан кейін тіркеледі ме, 5 жылдан кейін тіркеледі ме, жұмысқа байланысты тіркеледі, кейбіреулер тіркелусіз жүре береді. Тіркелген адамдардың ғана біз статистикасын көре аламыз, тіркелмеген адамды көре алмаймыз. Алматы қаласының көші неге кішкене кежеуілдетіп қалды дегенге келетін болсақ, біз Алматы облысының көшіне қарауымыз керек. Соңғы 2 жылдықтың өзінде Алматы облысына көшкендердің саны артып бара жатыр.