СҚО-дағы 43 мектепке жасанды интеллект енгізілді
Өңірде білім беру жүйесін басқару бағдарламасы іске қосылып, оқушыларға кәсіптік бағдар беретін платформа жұмыс істейді.
Сонымен қатар оқу ордаларындағы қауіпсіздік жүйесі цифрландырылып, «ақылды» камералар орнатылды.
Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде оқушыларға кәсіптік бағдар беретін платформа іске қосылды. Ол әр балаға тест тапсырып, қарым-қабілетін білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйеге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен жоғары оқу орындары туралы мәліметтер енгізілген.
Роза Қабиева, кәсіби бағдар беруші педагог:
-Бұл жерде балалар өздерінің сұрақтарын қою арқылы өздеріне жауап ала алады. Сосын кейін бізде мына жерде талдау жасай аламыз оқушылардың университет таңдаудағы талғамы. Бізде көбінесе балалар инженерия, IT, физика мамандығын таңдайды.
Бұл мектепте 1200-ге жуық бала білім алады. Қазіргі таңда оқу бағдарламасына жасанды интеллект жүйесі енгізілген. «Оқушылар оны ғылыми зерттеу жұмыстарына да кеңінен қолданады», - дейді мұғалімдер.
Темір Сабыр, Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің мұғалім:
- Қазір менің оқушым космология мен компьютерлік көру жүйесі жөнінде ғылыми жоба жазып жатыр. Бұл ретте жасанды интеллект мәліметтерді талдауға мүмкіндік береді. Сондықтан оның маңызы өте зор.
Биыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Президент өз Жолдауында мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте өңірдің білім беру жүйесіне оң өзгерістер енгізілді.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бастауыш сыныптарда цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект пәні жүргізілетін болады. 5-11 сынып аралығында информатика және жасанды интеллект пәні жүргізіледі. Цифрлық технологияларды тиімді қолдану ЖИ технологияларын тиімді және қауіпсіз этикалық нормаларға сай етіп қолдануға үйретеді.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы 43 мектепке жасанды зерде енгізілді. Олар қауіпсіздік, оқу бағдарламасын басқару және кәсіптік бағдар беру жүйелерін қамтиды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов