Қазақстанға алғаш рет NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг келеді

фото: gov.kz

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келеді. Ол Астанада өтетін AI Month іс-шарасының арнайы қонағы болады, деп хабарлайды 24KZ ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Дженсен Хуанг Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен Қазақстанға келеді.

Мәртебелі мейманның сапары Astana Hub-тың қолдауымен өтетін және AI мамандары, әзірлеушілер, стартаптар, зерттеушілер мен технология өнеркәсібі өкілдерінің басын қосатын жасанды интеллект саласындағы іс-шаралар легі – «AI Month» аясында жүзеге аспақ.

Қазіргі таңда елдердің бәсекеге қабілеттілігі тек технологияларды пайдаланумен ғана емес, өз шешімдерін жасап, әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау қабілетімен өлшенеді. Біз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы AI-таланттардың тартылыс орталығына — озық идеялар сараптамалық қолдау тауып, мықты серіктестіктер құрылатын және жаһандық нарыққа шығуға жол ашылатын мекенге айналдыруды көздеп отырмыз. Дженсен сынды индустрия көшбасшыларымен пікір алмасу жас әзірлеушілерге ашылып жатқан мүмкіндіктердің ауқымын ұғынуға және технологиялық амбицияларын нақты өнімге айналдыруға зор серпін береді, — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

«AI Month» шарасы 23 қыркүйек күні әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі саналатын HackAlem AI байқауымен бастау алады, мұнда қатысушылар өздерінің AI-шешімдерін жасап, тестілеу үшін NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.

Сонымен қатар, «AI Month» бағдарламасыда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы жоспарланған. Оған 1 қазан күні NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазан аралығында «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумы және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған өзге де бірқатар іс-шаралар өтеді.

Қазақстанның технологиялық экожүйесі мен жаһандық AI-индустрия арасындағы қарым-қатынас тек «AI Month» бағдарламасымен шектеліп қалмайды. Соның айқын бір мысалы – жасанды интеллект көмегімен видео мен сурет жасауға арналған, құны 5,4 млрд долларға бағаланған Higgsfield платформасы. Astana Hub қатысушысы саналатын бұл компания өз платформасында NVIDIA-ның есептеу инфрақұрылымы мен AI бағдарламалық жасақтамасын қолдана отырып, күн сайын алты миллионнан астам видео мен сурет генерациялайды. Сонымен қатар, Higgsfield Қазақстанмен және Астананың технологиялық қоғамдастығымен тығыз байланыс орнатқан, әрі өңірдегі технологиялық экожүйені қолдау мақсатында Astana Hub-пен белсенді ынтымақтасып келеді.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстан ұлттық AI-экожүйені жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл ауқымды жұмыс мамандар даярлау мен технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудан бастап, AI-шешімдерді әзірлеп, өндіріске енгізуге қажетті инфрақұрылым жасауға дейінгі бағыттарды толық қамтиды. Ал «AI Month» шарасы жасанды интеллектінің келешегін және Орталық Еуразияның технологиялық бағыт-бағдарын айқындаудағы Қазақстанның рөлін талқылайтын халықаралық диалогтың басты алаңдарының біріне айналмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: