Қазақстанда көмірмен қамту жұмысы цифрлық платформаға көшті
Қазақстанда тұрғындарды көмірмен қамту жұмысы цифрландырылып жатыр.
Энергетика министрлігі арнайы платформа әзірледі. Аталған жүйеде тасымалданған көмір көлемі мен оның жолын толық бақылауда ұстауға болады, дейді ведомство өкілдері. Жалпы елде халыққа жеткілікті отын қоры бар ма? Биыл тұрғындар көмірден қысылмай шыға ма?
Астана қытымыр қысқа дайын. Қалада көмір сақтайтын 10 қойма бар. Ал халыққа 14 нүкте арқылы сатылады. Әкімдік ақпараты бойынша Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы 19 мың 800 теңге болса, Қаражыра 18800 теңгеден саудаланып жатыр. Ал Майкөбенің көмірі 16800 теңгеден сатылады.
Санжар Әбілқайыр, Астана қаласы Энергетика басқармасының бас маманы:
- Бірінші мамырдан 15 қыркүйекке дейін халыққа арналған көмір 53 мың тонна кіргізілген. 15 қыркүйекке шамамен 35 мың тоннадай бар қазір Астана қаласында. Және де көмір сату кезінде ажиотаж байқалмайды.
Жалпы елде жылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Елдегі энергетика кәсіпорындарының қоймаларында 5 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут қоры жинақталған. Сонымен қатар қосымша 7,3 млн тонна қатты отын бар. Ол коммуналдық-тұрмыстық сектордың қажеттілігін өтеуге арналған. Сондай-ақ нарықтағы ахуалды қадағалау үшін арнайы жүйе жасақталды.
Мәди Қазақбаев, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Пилоттық режимде цифрлық платформа іске қосылды. Аталған жүйеге 951 теміржол тұйығы мен 586 көмір операторлары туралы деректер біріктірілді. Аталған платформа көмірді өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық секторға жеткізу процесін қадағалауға және де нақты режимде бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Министрлік мәліметінше, сайтқа жасанды интеллект орнатылған. Арнайы бағдарлама астыртын сөз байласу фактілерін анықтай алады. Яғни бұдан былай нарықта бағаны негізсіз аспандататын саудагерлер болмайды, дейді жауаптылар.
Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев