С5+1 конференциясында ЖИ әлеуеті талқыланды
Жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар саласындағы ынтымақтастық. Бүгін Астанада осы тақырыпта Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметінің бірлескен конференциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
С5+1 форматы аясындағы алқалы жиында киберкеңістіктегі гигиена, маңызды цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігі, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ алты мемлекеттің ең үздік айти стартаптарының көрмесі де ұйымдастырылды. Мақсат — сала мамандарының өзара байланыс орнатып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Еске сала кетейік, мемлекет басшысының былтыр Вашингтонға сапары кезінде сомасы 17 млрд долларды құрайтын 29 келісімге қол қойылған еді. Оның ішінде цифрлық салаға қатысты Direct to Cell технологиясын енгізу жобасы бар. Жоба жерүсті мобильді желілері тартылмаған өңірлерді интернетпен қамтамасыз етуге жол ашады. Сол сияқты американдық университеттер, OpenAI сияқты алып технологиялық серіктестермен әріптестік туралы келісім жасалған.
Бахтияр Мұхаметқалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Біз көптеген америкалық компаниялармен тығыз жұмыс істейміз. Сан-Францискодағы хабымыз қазақстандық компанияларға америкалық нарыққа және инвесторларға шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәжірибе алмасуға ерекше мән береміз. Мысалы, NVIDIA компаниясымен бірлесіп, екі ірі суперкомпьютерлік кластерді іске қостық.
Марк Камэрон, АҚШ мемлекеттік хатшысының Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары:
- Бұл конференцияның ерекшелігі — стартаптар көрмесінің ұйымдастырылғаны. Осылайша, алты елдің озық компаниялары өзара тәжірибе алмаса алады. Жасанды интеллектінің әлеуеті қаншалықты зор екенін ынтымақтастықтың осындай бағыттарынан-ақ білуге болады. Бұның бәрі де халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналады.