ЖИ медицинаға да дендеп енді
Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен радиологиялық скрининг жүргізу мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жүйе өкпе және сүт безі обырын ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауруханаларда инсультті 99 пайыз дәлдікпен анықтайтын ақылды технологиялар енгізіліп жатыр.
Қазір озық технологиясыз дендеген дертті тап басып анықтау оңай емес. Бұрын компьютерлік томография анықтай алмайтын ауруды енді жасанды зерде көрсетіп береді. Мәселен, невролог дәрігер Айгерім Тайлақова емделушінің тексерістен кейінгі нәтижесін өз телефонынан қарап отыр. Отандық мамандар жасаған CerebraAI қосымшасы инсульт қаупін 5-10 минут ішінде талдап береді. Яғни инсульт диагностикасының дәлдігін арттырып, өлім-жітімді азайтуға ықпал етіп отыр. Сонымен қатар инсультті диагностикалауға арналған ЖИ жүйелері елдегі 49 инсульт орталығында 150 мыңнан астам компьютерлік томографияны талдап шыққан.
Әйгерім Тайлақова, невролог:
- Медициналық CerebraAI деген бағдарлама дәрігерді 100 пайызға алмастыра алмайды. Бірақ біз өзіміз көзбен көре алмайтын зақымдануды, инсультті 99 пайызға дейін анықтай алады. Біз пациент инсультпен түскенде КТ жасайды, содан кейін барып КТ кабинетіне барып қарайтынбыз. Осы бағдарлама пайда болғалы уақытымызды 2-3 минутқа дейін азайтты.
Жасанды интеллектінің міндеті — жүктемені азайту. «Бұл дәрігердің жұмысын түбегейлі алмастыра алмайды», - дейді мамандар. Дегенмен заманауи қосымшалар қосылғалы ақхалаттылардың жұмысы едәуір жеңілдеген. Осылайша, медицина мамандары ЖИ-ді сәулелік диагностикада белсенді қолдана бастады.
Әсел Ілиясова, рентгенолог дәрігер:
- 2025 жылы көпсалалы медициналық орталықта «Агюн» деген ЖИ енгізілді. Оның мақсаты — дәрігерлерге көмектесіп, қатерлі ісік, дақтарды белгілеп береді. Оны алгоритм бойынша ЖИ анализ жасап, біздің мамандар оны тексереді. «Агюн» ЖИ өкпе рентгені мен және мамография зерттеулеріне анализ жасайды.
Бұдан бөлек, елде қатерлі ісік пен өкпе ауруын ерте анықтау, телемедицина, зертханалық диагностика бағыттарында да жобалар дамыған. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект арқылы медициналық қызмет сапасын арттыруға арналған кешенді жоспарды іске қосуды көздеп отыр. Жасанды зерде созылмалы, жүрек-қан тамырлары ауруларын және сусамырды бақылау жүйелеріне де біртіндеп енгізіліп жатыр.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев