Қазақстанда онкологиялық ауруларды гендік деңгейде анықтау әдістері енгізіліп жатыр

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда онкологиялық ауруларды молекулалық-генетикалық деңгейде анықтау және жасушалық өнімдер әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» мамандары плацента мен кіндік бауының дің жасушалары негізінде биомедициналық өнім әзірлеп жатыр. Сондай-ақ қатерлі ісікті ерте анықтауға және емдеу тәсілдерін әр пациентке жеке бейімдеуге мүмкіндік беретін технологиялар енгізілуде, деп хабарлайды «24KZ».

Жасушалық өнімді әзірлеу жұмыстары 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдар дің жасушаларының қабыну процестерін реттеу және зақымданған тіндерді қорғау қасиеттерін зерттеуде. Сонымен қатар препараттың биологиялық қасиеттерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін лиофилизация технологиясы әзірленуде.

Болашақта бұл өнімді қант диабеті, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі, аутоиммундық аурулар, бедеулік және жұлын зақымдануы кезінде қолдану жоспарланған.

Орталықта онкологиялық ауруларды диагностикалаудың заманауи әдістері де дамытылып жатыр. Атап айтқанда, шамамен 1000 генді талдайтын ДНҚ-микрочиптер мен жаңа буын секвенирлеу технологиялары қолданысқа енгізілуде. Бұл әдістер ісік жасушаларындағы генетикалық өзгерістерді анықтап, науқасқа жеке емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, орталық мамандары аутоиммундық аурулардың генетикалық және иммунологиялық ерекшеліктерін зерттеп жатыр. Сондай-ақ семіздік пен Крон ауруын емдеуге арналған жаңа препараттардың халықаралық клиникалық зерттеулеріне қатысуда.

Мамандардың негізгі мақсаты – ғылыми әзірлемелерді клиникалық тәжірибеге енгізу және заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру.

Сондай-ақ оқыңыз: