AI-SANA бағдарламасы аясында 22 мыңнан астам жоба әзірленді

AI-SANA бағдарламасының екінші кезеңіне қатысқан студенттер 22 мыңнан астам жоба әзірледі. Бүгін жас стартаперлер елордада өтіп жатқан арнайы көрмеде өз идеяларын көпшіліктің назарына ұсынуға мүмкіндік алды.

Шараға еліміздің 20 жоғары оқу орнынан 120-ға жуық адам келді. Олардың жобалары медицина, құрылыс, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында жасанды интеллектіні енгізумен байланысты. Сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға көмектесетін әзірлемелер бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер арқылы жастар инвесторларды тауып, стартаптарын нарыққа шығара алады.

Айдар Еспосынов, Astana IT University цифрландыру жөніндегі проректоры:

- Бұған дейін біз тек семинарлар өткізгенбіз. Ал қазір AI-SANA бағдарламасының екі кезеңі аяқталып, студенттер өз жобаларын әзірлеп шықты. Олардың арасында нарыққа шығып, әрі қарай ауқымын кеңейтуге дайын жобалар бар. Қазір студенттер өз әзірлемелерін стартап ретінде қалыптастырып жатыр. Бүгінгі көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – шетелдік инвесторлар мен түрлі компания өкілдеріне осы жобаларды таныстыру. Олар ұнатқан студенттерді өз компанияларына жұмысқа шақыруы мүмкін немесе жобаларға инвестиция құя алады.

Айғаным Төлебаева, Astana IT University студенті:

- Әрбір жұмысшы уақытты үнемдеу үшін ЖИ-ді қолданады. Адамдар өздері байқамай жеке мәліметтерін жібіреіп қоюы мүмкін. Оның ішінде ИИН,БИН, телефон нөмірі, банк шоттары ақпараттар кетіп қалуы мүмкін. ЕхоАІ прокси сервері – ЖИ-мен клиенттер кабинеті арасындағы фильтр. Яғни компанияның жұмыскерлері кез келген сұраныс жібергенде, жеке мәліметтерді шифрлайды. Себебі бұндай ақпараттар ЖИ-ге жетпеуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз: