Қорғас шекара бекетінде автоматты бақылау жүйесі енгізілді

Қорғастан да енді санаулы секундта өтуге болады. Шекара бекетінде автоматты жүйе іске қосылды. Мұнда жасанды интеллект Қазақстан мен Қытай арасында ағылған жұрттың шыдамын тауыспай, уақытын үнемдейді, деп хабарлайды 24KZ.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Қорғаста шекаралық бақылаудың автоматты жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде енді әрбір адам небәрі он секунд ішінде құжатын рәсімдеп, еркін экономикалық аймаққа өте алады.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына жылына 1 млн-нан аса адам келеді. Қазір олар шекаралық бақылаудың автоматты және дәстүрлі жүйесін қатар қолданып жатыр.

Махаббат Қасиетова, Панфилов ауданының тұрғыны:

– Бұрын біз өту үшін кезекте сағаттап тұратынбыз. Қазір енді тез 10-15 минутта өтіп кетеміз. Бәрі жақсы, халық үшін барлық жағдай жасалған.

Гүлсім Сағатбекқызы, турист:

– Мен қазір Үрімжі қаласынан келе жатырмын. Ертең менің туристерім 90 адам осы жақтан өтеді. Біз 90 адамды күтпейміз. Әрі кетсе жарты сағатта уақыт алмай жылдам өтіп кетеді.

Еркін экономикалық аймақта негізінен қонақ үйлер мен сауда орталықтары жұмыс істейді. Ондағы кәсіпкерлер салықтан босатылған. Әрі олар тұрмыстық заттар мен азық-түлік және өзге де тауарларын екі елдің нарығына шығара алады.

Зульфира Газизова, кәсіпкер:

– Осы жаққа жазда Қытай, Қазақстан жақтан адамдар көп келеді. Бір күннің ішінде 500-600 адам келеді.

Лин Фан, кәсіпкер:

– Арнайы экономикалық аймақтың аумағы жыл сайын өзгеріп, ұсынылатын тауарлар көбейіп келеді. Отандастарымызға Қазақстанда өндірілген өнімдер ұнайды. Әсіресе, бал мен тәтті тағамдарға сұраныс көп. Халықтың қолданбалы өнерге деген қызығушылығы да жоғары.

Қорғастан әр адамға 25 келіге дейінгі тауарды баж салығын төлемей алып өтуіне рұқсат етілген. Жүк жөнелту процесі автоматты жүйе арқылы бақыланады. Одан бөлек, көрші елде шығарылған жеңіл көліктер де «Қорғас» арқылы тасымалданып жатыр.

Сейілбек Садырбаев, «Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасының орынбасары:

– Көлік құралдарының біздің орталығымыз арқылы өту процестері біздің туристерге, туристердің ыңғайлылығына, біздің орталықта болуына ешқандай кедергісін келтірмейді. Және тауар тасымалына ешқандай кедергі болмайды.

Фархат Исаев, облыстық МКД бөлім басшысы:

– Қорғас ШЫХО кеден бекетінде осы төрт жыл бойы жүргізілген цифрландыру жұмыстарының нәтижесінде бізде түсімдер саны, сомасы көбейіп келеді. Мысалы, айтатын болсақ, 2023 жылы төлемдер саны 606 млн теңгені құраса, 2026 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 5,6 млрд теңгені құрады.

Қорғастың Қазақстанға қарасты бөлігіне 2016 жылы инфрақұрылымдық желілер тартылған. Содан бері 10 инвестициялық жоба жүзеге асты.

Ерқанат Қажымұқанұлы, облыстық кәсіпкерлік және ИИДБ басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта бізде жоспарда 47 жобаны іске асыру болып табылады. Оның 22 қазіргі таңда ЖСҚ жасап жатыр. Қалған жобалар өзінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы инвестиция көлемі 200 млрдтан теңгеден асады.

Жоспарға сәйкес еркін экономикалық аймақта сауда-саттық және туризм саласын дамытып, жеті мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: