Цифрлық платформа арқылы жұмыс істейтіндердің табысы қорғалады
Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысын қорғау тетіктерін әзірлеу ұсынылды.
Бұған кейінгі кезде жиілеген техникалық ақаулар себеп. Мұндай іркілістерден такси жүргізушілері, курьерлер табысынан қағылуы мүмкін. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне депутаттық сауал жолдады. Ол платформалық жұмыспен қамтуға қатысты қатерлерді бағалауды, техникалық ақау туындаған жағдайда әрекет ету жоспарын әзірлеуді және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді қарастыруды ұсынды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, қыркүйекте миллионға жуық қазақстандық 35 цифрлық платформа арқылы жұмыс істеген. Алдағы уақытта олардың саны арта түседі деген болжам бар.
Батырхан Елемес, қаржы сарапшысы:
- Бұл елде табыс тауып жүрген азаматтардың 10 пайызы деген сөз. Сондықтан бұл саланың маңызын жоққа шығаруға болмайды. Жақында кейбір цифрлық платформаларда ақау болғанын бәріміз білеміз. Сол кезде мәселенің тез шешілгені жақсы болды. Бірақ мұндай жағдай қайталануы мүмкін. Сол себепті бұл мемлекетке осы бағытта шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті.