ЖИ жасаған дипфейктер мемлекетаралық қақтығысты ушықтыруы мүмкін – сарапшы
Жасанды интеллект көмегімен мемлекет басшыларының жалған үндеулерін жасап, қоғамды жаңылыстыруға және елдер арасындағы шиеленісті күшейтуге болады. Мұндай технологиялар ақпараттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр. Бұл туралы саяси сарапшы, коммуникация және медиа маманы Жандар Асан 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, жасанды интеллекттің дамуы қауіпсіздік ұғымын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұрын бұл мәселе негізінен әскери қауіп-қатерлермен және қарулы қақтығыстармен байланыстырылса, қазір оған ақпараттық шабуылдар, дипфейктер мен автоматтандырылған қару-жарақ жүйелері де қосылды.
Жасанды интеллект көмегімен әлеуметтік желілерде түрлі бейнелер мен дипфейктер таралып жатыр. Бұл мемлекеттік институттарға және жалпы қоғамның тұрақтылығына үлкен нұқсан келтіруі мүмкін, - деді сарапшы.
Жандар Асанның айтуынша, жалған ақпараттың ең қауіпті тұсы – адамдардың шынайы мәлімет пен қолдан жасалған контентті ажырата алмай қалуы. Әсіресе мемлекет басшыларының атынан жалған мәлімдемелер тарату елдер арасындағы саяси шиеленісті өршітуі ықтимал.
Жасанды интеллект көмегімен саяси қайраткерлер мен мемлекет басшыларының түрлі үндеулерін жасауға болады. Бұл мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың өршуіне де себеп болуы мүмкін, - деді ол.
Сарапшы Орталық Азия елдері үшін де ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өзекті екенін атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық технологиялардың шекара талғамайтыны кез келген елге сырттан жалған әрі арандатушы ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, діни радикализм мен қоғамды араздыққа итермелейтін контенттің таралу қаупі бар.
Осыған байланысты сарапшы азаматтардың ақпараттық сауатын арттыруды маңызды санайды. Ол үшін адамдар кез келген мәліметті бірден қабылдамай, оның дереккөзін тексеріп, сыни тұрғыдан бағалауы керек.
Ең бастысы – азаматтардың кез келген ақпаратқа сыни ойлау тұрғысынан қарауы және ақпараттық гигиенаны сақтауы. Баладан бастап қарт адамға дейін ақпараттық манипуляцияның құрбаны болмаудың жолдарын үйрету қажет, деді Жандар Асан.
Айта кетейік, елордада өтетін AI қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық саммитте жасанды интеллект технологияларын қолдану, оның ықтимал қатерлері мен қауіпсіздік шаралары талқыланады. Сарапшы мұндай басқосулар жаңа технологияларды енгізумен қатар, олардың қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне ықпалын алдын ала бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.