Ұлыбританияның жетекші оқу орындарымен ынтымақтастық орнатылды

Британиялық Белфаст Корольдік университеті Қазақстанда филиал ашып, ғылыми-зерттеу бойынша ынтымақтастық орнатқалы отыр, деп хабарлайды 24KZ. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру және білім беру технологиялары саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Лондонда тараптар өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды.

Солтүстік Ирландияда орналасқан Белфаст Корольдік университеті Қазақстанда оқу кампусын ашуға ниетті. 180 жылдық тарихы бар озық оқу орны инженерлік-физикалық, медициналық және гуманитарлық мамандықтар бойынша білім береді. Енді отандастарымыздың алысқа ат арылтпай-ақ, Алматыда оқуына мүмкіндігі болады. Белфаст жоғарғы оқу орны Нархоз университетімен келісімге қол қойды.

Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Англиядағы Эксетер және  Шотландиядағы Глазго университеттерімен өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Тараптар әсіресе жобаларды басқару, машина жасау және мұнай инжинирингі бойынша мамандар дайындауды жоспарлап отыр.

Мейрам Бегентаев, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры:

- Тек бакалавр дәрежесі бойынша емес, магистратура, докторантурада да оқытуды шешіп отырмыз. Жаңа мүмкіндіктер ғылыми-зерттеу бағытын дамытуға да жол ашады деп ойлаймын. Бүгін соның негізі қаланды.

Мойра Боланд, Глазго университетінің Орталық және Оңтүстік Азиядағы жаһандық өзара іс-қимыл жөніндегі деканы:

- Біз Қазақстанның үздік университеттерінің бірімен бірлесе отырып, мамандар даярлауға асықпыз. Студенттердің екі ел арасында қатынап, білім нәрімен сусындайтынына сеніміміз мол. Іскерлік серіктестігіміз одан әрі дамып, кеңеюін асыға күтеміз.

Шара барысында «Болашақ» бағдарламасының қос мемлекет арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізгені айтылды. 1991 жылы басталған әріптестік қазір нығайды. Стипендиаттардың 30%-ке жуығы Тұманды Альбионда білім алуға ұмтылады. Бүгінде Ұлыбританияда оқыған түлектердің саны 3000-нан асады.

Әділ Құсманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Енді Халықаралық бағдарламалар орталығы шетелдіктерді Қазақстанда білім алуға шақырып жатыр. 34 өкілдігіміз бар. Стратегиялық әріптестік орнаттық. Елімізде жаңадан ашылған шетелдік жоғарғы оқу орындарымен қатар отандық білім ордаларын насихаттайтын үлкен маркетингтік кампания құрмақшымыз.

Шара барысында екі ел арасындағы педагогикалық ынтымақтастық мәселесі де талқыланды. Қазақстандық EdCrunch академиясы UCL университетімен бірлесе отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және білім беру технологиялары саласындағы бастамаларды жүзеге асыруға келісті.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.