Олжас Бектенов Қосшы қаласының бас жоспарымен танысты
Премьер-министр Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Қосшы қаласын дамытудың бас жоспарымен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде әлеуметтік инфрақұрылым құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Қазір мұнда 59 мыңға жуық адам тіркелген. Бірақ тұрғындардың нақты саны 100 мыңнан асады. Сондықтан жаңа бас жоспарда аумақты кеңейту, жаңартылған қызмет көрсету аймақтарына бөлу, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға көңіл бөлінген. Қосшы әкімі Азамат Қапышевтің айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына 360 гектардан астам, жеке тұрғын үй құрылысына 900 гектардан астам жер телімі бөлінген. Сондай-ақ 2038 жылға дейін 31 балабақша, 16 жалпы орта мектеп, облыстық аурухана және 7 емхана салу жоспарланып отыр.
Азамат Қапышев, Қосшы қаласының әкімі:
- Қазірдің өзінде заманауи қоғамдық мәдени-спорттық орталық салынып бітті. Облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ғимараттарға жаңа инженерлік инфрақұрылым қажет. Сонымен қатар су, жылу және кәріз желілерді де жаңарту керек. Себебі 2038 жылы қала халқы 150 мың адамға жетеді деген болжам бар.