Қ. Тоқаев: Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз

Қосымша құн салығына қатысты ұсынып отырған мөлшерлеме тым жоғары.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесіп, Үкіметке бұл мәселені тағы да пысықтауды тапсырды. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеуді міндеттеді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын көтеру ісіне банктерді де белсенді қатысуға шақырды.

Қ.Тоқаев: Үкімет ұсынған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары 

Өткен апатада Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинеті қосымша құн салығын көтеру жайын қозғады. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, халық бұл жаңашылдық қалтаға салмақ салады деп  алаңдады. Ал бүгін бизнес өкілдерімен кездескен  Қасым-Жомарт Тоқаев қосымша құн салығына қатысты көзқарасын білдіріп, маңызды сұрақты тағы да пысықтауды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс.Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануы тиіс.

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Яғни мәселе егжей-тегжейлі талқыланып, барынша оңтайлы шешім шығарылуы қажет. Бастысы бизнеске де кедергі келтірмейтін бірақ бюджет кірісін арттыратын тиімді жол табу маңызды. Жалпы бизнес пен Үкімет алдына қойылған басты міндет –  экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін күшейту. Бұл тұста Президент ірі кәсіпорындар мен мемлекет арасында нәтижелі серіктестіктің болуы маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар. Бұл ретте инвестиция салуға тартымды дәстүрлі салаларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басымдыққа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пайдасы да мол.

Президент: елде іскерлік ахуалды да жақсарту қажет

Болашағы зор тағы бір сала – туризм. Қазір бұл бағыттың әлеуеті зор десек те, нақты іске келгенде салада олқылықтар көп – дейді, Президент. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынуы қажет. Бұдан бөлек елде іскерлік ахуалды жақсарту – басты мақсаттардың бірі болып отыр. Мәселен, қазір квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Тағы кәсіп ашып, маңызды жоба жүзеге асырамын деген инвесторлардың құқығын прокуорлар да мықтап қорғауда. Бүгінде олар осындай 700-ден аса фактіге тосқауыл қойған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді.

Қазір әлемде қысылтаяң кезең болғанымен, елде қаржылық тұрақтылық бар. Бұны жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамы да растап отыр. Осы ретте өзін сарапшы санайтындар ел экономикасы құлдырап жатыр деп дабыл қағуда. Алайда бұған Президент күмәнмен қарайтындығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте бизнес қоғамдастықтың рөлі үлкен. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.

Ел экономикасын жаңғыртып, дамытуға банктер де белсене ат салысуы қажет. Бұл жұмыста тек бюджет қаржысына иек артуға болмайды. Қазір Үкімет банктердің несие беруін белсенді ету үшін пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өз мойнына алу бастамасын көтерді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ұлттық қордан ақша алу жайына қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет.

Президент тасқын кезінде қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыс айтты

Отырыстағы сөзін қорытындылай келе Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, алғыс айтты. Бұл ақша денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр. Сондай-ақ, Президент еліміздің өндірісіне қаржы салып, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді мемлекет әрдайым қолдайтындығын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолдамаса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиямды бизнес қоғамдастықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл менің мызғымас ұстанымым.

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Тағы жиын барысында мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті мәселе екендігі айтылды. Мемлекет басшысының сөзінше бұл кәсіпкерліктің нарықтағы бәсекелестігін едәуір арттырады. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.

Риат Шони