Мемлекет басшысы Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен құттықтады
Бүгін Маңғыстауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды 24kz.
Айтулы іс-шараға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық шараға ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттер: Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан,Түркіменстан және Венгриядан өнерпаздар келді.
Түрксой ұйымының байрағы қазақ көгінде желбіреді. Бұл – ресми түрде Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы болды деген белгі. Бұдан кейін іс шараның негізгі бөлігі басталды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!
Маңғыстау өңірі «362 әулилелі» жер. Топырағын түртіп қалсаң, тарихы сөйлей жөнелетін киелі мекенде түбі бір түркі жұртына ортақ қасиетті нысандар көп. Бір ғана қарт Каспийдің өзі бес мемлекетпен шектесіп, Түркіменстан, Әзірбайжан, Қазақстан секілді түркі мемлекеттеріне ортақ қазынаға айналып отыр. «Ал Ақтауды мәдени астана ету оны күллі әлемге таныта түсу», - дейді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- 2025 жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы Ақтау қаласы болу ұсынысын кеңес мүшелері бірдауыстан қолдады. Себебі Ақтау бір ғана Қазақстанның рухани, тарихи мәдени қаласы емес, бұл жалпы дүниесінде мәдени өзшегелігі бар шаһар. Ақтауды енді әлем таниды. Түркияның ең күшті телекомпаниясы келді. ТРТ. Бүгін трансляция болады, 220 млн түрік еліне. Еуропа, Балкандарға дейін Ақтауды енді әлем таниды.
Салтанатты шараны өткізу мәртебесі Қазақстанға өткенімен, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттер түгел атсалысты. Танымал әншілер ән-жырдан шашу шашып, қолөнершілер шеберлік сабағын өткізді. Бес елден жиылған делегация құрамында мәдениет министрлері, халықаралық ұйым басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда жүзге тарта адам келген. Оларға жүз елуден астам волонтер мен отыз аудармашы қызмет көрсетті.
Дурсун Топчи, журналист (Түркия):
- Бұл біздің бәрімізге ортақ құндылық, түркі халықтарына ортақ мәдениет. Біз бауырлас елміз, халқымыздың салт-дәстүрі, музыкасы, тіптен тілінде ұқсастықтар өте көп екенін байқадым. Мен Ақтауға алғаш келіп тұрмын. Өте әдемі қала.
Бұған дейін Қазақстанның екі қаласы Астана мен Түркістан мәдени астана мәртебесін иеленді. Маңғыстау жұрты да жауапкершілікті абыроймен арқалады. Үш күн бойы өнерпаздар теңіз жағасын дүбірлі думанға бөледі. Ал этноауылда дәстүріміз дүйім жұртқа паш етіліп, төл тарихымыз ұлықталады.
Блиц 1:
- Түркі елдерінің мәдени астанасы болып жатыр біздің Ақтауымыз. Өте қуаныштымыз. Көптеген нәрселерді көріп бауырлас елдерден. Мақтанып тұрмыз. Осындай іс-шаралар бола берсін.
Блиц 2:
- Үлкен көріністер, қойылымдар болып жатыр. Әдемі музейлер ұйымдастырылған. «Жеті қайқы» музейінің өзі неге тұрады. Біздің мәдениетімізді әлемге паш ететін күшті саяси, мағыналы шара өтіп жатыр деп есептеймін.
Блиц 3:
- Өте керемет. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Халық жақсы қарсы алып жатыр.
Блиц 4:
- Ақтау таза қала екен. Адамдары да меймандос, құшақ жая қарсы алып жатыр. Бізге ұнады.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Алайда бұл дүбірлі тойдың басы ғана. Жыл соңына дейін аймақта Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен халықаралық басқосулар, опера және театр қойылымдары секілді ауқымды мәдени жиындар өтеді. Бас-аяғы отызға тарта іс-шара жоспарланған. Осылайша, бауырлас елдердің ортақ құндылықтарын ұлықтап, ынтымағын арттыруға ақ маржан қала Ақтау өз үлесін қосады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ақылбек Есімсейітов, Дулат Ентебеков, Нұрахмет Бектұрғанов