Қазақстан мен Вьетнам сауда айналымын $2 млрд жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Вьетнам таяу жылдары сауда айналымын еселеп, көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті, деп хабарлайды 24kz.

Осы ретте жаңа бағыттарға жол ашып, әлеуеті мол салалар тыңғылықты зерделенеді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесіп, жаңа жобалар жайын талқылады. Делегациялар көлемі кең, тиісінше келісім көкжиегі де ауқымды болды. Кездесуде туризм, транзит сынды салаларды бірлесе дамыту қаралды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазақстан мен Вьетнам. Қос мемлекеттің географиядағы алыстығын, экономикадағы алыс-беріс жақындатты. Кейінгі бірнеше жыл ішінде екі ел қатынасқа қарқын қосып, саудадағы көрсеткішін еселей алды. Енді тараптар жаңа бағыттарға жол ашып, достықтың жаңа дәуірін бастауға ниетті. Вьетнамдық делегация қазақ жеріне дәл осы себеппен келіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген То Ламды жылы раймен қарсы алды. Тараптар төс қағыстырып, достық рәуіште қауышты. Кейін бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Ақорда Ветьнамнан келген мәртебелі мейманды сән-салтанатымен қарсы алды. Қазір ресми рәсімдер аяқталып, саясаткерлер келіссөз залына беттеп барады. Бұл сан саладағы серіктестікке серпін беретін сапар. Тиісінше, келіссөзден келелі келісімдер күтіледі. Әлеует мол. Оны қонақтардың кең көлемді делегациясынан көруге болады.

Алқалы отырыс шағын құрамнан басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарға екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға беріп, тарихи оқиғаға балады. Сондай-ақ Вьетнамды Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз.

Өз кезегінде То Лам көрсетілген құрметке алғыс айтып, келіссөздер нәтижесі ынтымақтастық көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.

То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы:

- Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады.

Әрі қарай келіссөз кеңейтілген құрамға ойысты. Президент Бас хатшы То Ламның елімізге сапары екі халық тарихындағы байланыстың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Вьетнам 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздеп отыр. Қазақстан бұл стратегиялық мақсатты қолдайды және осы өршіл міндетті орындауға Қазақстан жан-жақты атсалысуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді.

***

Тараптар сауда айналымын еселеуге ниетті

Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Қазақстан тарапы шикізат ұсынып, электронды тауарлар алады. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті.

Тауар айналымы – $860 млн

Экспорт – $205 млн  

Қорғасын, мырыш, ферроқорытпа

Импорт – $654,4 млн

Теледидар, электроника, киім

Алыс-берісті ұлғайту үшін жаңа бағыттар керек. Бұл тұрғыда қарыштап дамып келе жатқан туризм саласына мән берілетіні анық. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнаған. Ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Соның нәтижесінде Оңтүстік-Шығыс Азияға сапарлайтын отандастырымыз көбейді. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарын қызықтыратын Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеуді ұсынды. Үндіқытай түбегін мекендеген халық екіжақты тиімді мүмкіндіктерді қарастыруға дайын.

То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы:

- Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза.

Ертең Астанада Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери парад өтеді. Президент маңызды датаны еске ала отырып, ортақ тарихымыздағы әскери серіктестікті де тілге тиек етті. Бұл бағытта отандасымыз, генерал-лейтенант Жансен Кереев елеулі үлес қості. Ол 1982 жылы Вьетнамға іссапармен барып, Қарулы күштерін құруға атсалысты. Сол елдің қорғаныс қабілетін нығайтты. Кейін батыр бабамыз Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы – Қызыл ту орденімен марапатталды. Бұл да екі ел достығының айқын көрінісі болса керек.

***

Вьетнам компаниясы Қазақстанда әуежай сатып алады

Көлемді делегациямен өткен келелі келіссөз нәтижелі аяқталды. Ресми делегация мүшелері 8 құжатпен алмасты. Атап айтқанда, цифрландыру, мәдениет, туризм сынды салалардағы ынтымақтастық орнатылды. Сондай-ақ компаниялар арасында келісімдерге қол қойылды. Ал делегация басшылары Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл құжатта ықпалдастық жан-жақты қаралған. Соның ішінде Вьетнам кәсіпкерлерінің Qazaq Air әуе компаниясын сатып алуы жоғары бағаланды. Sovico Group қазақ жерінде ауқымды жобаларды жоспарлап отыр.

Серік ЖұманғариН, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Вьетнамның өте танымал әуекомпаниясы Sovico Group біздің Qazaq Air компаниясын сатып алды. Жақында ол кісі келді. Қазір басқа да жоспарлары көп. Енді Қазақстанда аэропорт сатып алғысы келіп тұр.

***

То Лам І Дәрежелі, «Достық» орденімен марапатталды:

Мемлекеттік сапар барысында То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтіп, шынайы стратегиялық әріптестік орнағанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін.

Мәртебелі мейман Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғанына дән риза. Ол сенім мен құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.

То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы:

- Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін.

***

Қазақстан-Вьетнам достығының жаңа дәуірі

Бүгінгі келіссөзде келісілген құжаттардың жемісі жеті ұрпаққа тиеді. Сапар аясында Вьетнам тарапына тауарларын Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау ұсынылды. Электроникасы дамыған ел өз өнімдерін Кәрі құрлыққа Қазақстан арқылы жеткізе алады. Одан бөлек, екіжақты тауар айналымын ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы, орман және балық өнімдері нарықтарын құруға келісті. Жақын болашақта сауда, инвестиция, туризмге қатысты бірлескен жобалар күтіледі.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов 24КЗ