16 мамырда ҰБТ-ның негізгі кезеңі басталады
16 мамырда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады, деп хабарлайды 24KZ. Талапкерлер білім сынағын 7 шілдеге дейін екі мәрте тапсыра алады. Ал мектеп қабырғасындағы мемлекеттік емтихандар мамыр мен маусым айларында өтеді. Олар осы аралықта бес бірдей сынақ тапсырады.
Бұл Нұрдәулет Сағымбек. Астанадағы Бейімбет Майлин атындағы білім ордасының озат оқушысы. Қолы қалт етсе, қоғамдық жұмыстан да қалыс қалғысы жоқ. Биыл мектеп бітіреді. «Тестті сәтті тапсырсам, болашақта бастауыш сыныбының мұғалімі болғым келеді», – дейді ол. Талапшыл жас тыңғылықты дайындық үстінде. Бала тәрбиелеудің қыр-сырын меңгеріп, тіпті қос кітап жазып шыққан. Себебі ұстаз болудың жауапкершілігі жоғары екенін жақсы біледі.
Нұрдәулет Сағымбек, Астана қалалық Б. Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Мұғалім деген қандай? Мұғалім – ол психолог, мұғалім – ол ағартушы, мұғалім деген – ол менеджер. Сондықтан да осы бастауыш сыныбының мұғалімін таңдаған едім. Дублер күнінде балаларға сабақ беріп көрдім. Балаларға көбінесе аңыз, қисса, ертегі, яғни қазақтың түп тамырында не нәрсе жатыр, сондай бір құндылықтарды беру болатын.
Нұрдәулетпен қатар білім мекемесінде биыл барлығы 179 оқушы мектеп бітіреді. Оның үшеуі – алтын белгіге үміткер. Сондай-ақ бес үздік атестат иегері бар.
Маржанай Үкітаева, Астана қалалық Б. Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
- Жалпы мектебімізде 3065 бала қазіргі таңда білім алып жатыр. Оның ішінде 157 сынып бар. Осы барлық сыныпқа 210 мұғалім сабақ біріп отыр. Айта кетсек, биылғы 11-сыныптардың саны алтау. Олар екі бағытқа бөлінеді. 11-ші «а», «ә», «б» сыныптары гуманитарлық бағытта, «в», «г», «ғ» сыныптары жаратылыстануда білім алып отыр.
Талапкерлердің 75%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады
Биыл бас-аяғы 216 мыңнан астам адам Ұлттық бірыңғай тесттілеуден өтеді. Оның 75% сынақты қазақ тілінде тапсырады. Ал 25% жуығы орыс, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтугі өтініш білдірген. Талапкерлердің 16% математика-физика, 15% биология-химия, 9% математика-информатика пәндерін таңдаған.
Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:
- Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. 2017 мыңнан астам 11-сынып оқушысы мектеп бітереді. Қорытынды атестацияны өткізу тәртібі ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілді. Мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады. Оның бірі ауызша түрде өткізіледі.
Биыл елдегі мектептерде бас-аяғы 4 млн-ға жуық оқушы білім алды. Санаулы күндерден кейін түлектер үшін соңғы қоңырау соғылып, қалған оқушылар жазға демалысқа шығады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Абдлахат