Шекарадағы ауыл мектебін қалай сақтап қаламыз?

Ауылдан қалаға көшу үдерісі бізде де бар.

Шекарадағы ауыл мектептері жабылып жатыр. Мәселен, Ресейдің 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстан облысының аудандарында кейінгі 3 жылда 12 бастауыш мектеп есігін жапты. Оның төртеуі былтыр тараған.

Ия, мектеп жабылған соң оқушының ата-анасы да баланың болашағын ойлап қалаға көшеді. Амал қайсы? Ал осы жабылып жатқан мектепті сақтап қалуға болмас па еді?

Бұл БҚО Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай елді мекені. Қайбір жылдары мұнда 30-ға тарта үй болған, қазір онға да жетпейді. Тұрғындар азайғасын мектептің де қажеті болмай қалды. Бұл бір ғана мысал. Өңірде кейінгі 3 жылда 12 бастауыш мектеп жабылды. Жаңа оқу жылында тағы біреуі таратылады, 6 орта мектеп негізгіге, 6 негізгі білім ошағы бастауышқа айналуы мүмкін.

Жадыра Бекжанова, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл мектептердің жабылуын, қайта құрылуын жібермеу мақсатында білім басқармасы тарапынан аудандық әкімдіктерге хаттар жолданып отырады. Оқушылар санын нормативке сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатта "Қаладан ауылға" жобасын жандандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынып отырмыз.

Қазіргі талапқа сай бастауыш мектепте бала саны 5-тен кем болмауы керек. Негізгі мектепте 41, орта мектептегі оқушы саны 80-нен асуға тиіс. Ал Мәжіліс депутаттары құзырлы министрлікке нормативті өңір ерекшеліктеріне қарай бейімдеу қажет дейді. Әйтпесе ауылдардың жойылуы қаупі бар. 

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мінеки 13 мектеп толық көлемде сақтап қала алмайтын. Ертең мен осы БҚО халықпен кездесуді аяқтайық осы жердің барлығын аралап шығайын деп отырмын. Мәселен, Бөкей ордасы ауданының Бисен а/о-ндегі Жиекқұм е/м-де Т. Масин мектебі бар. Ол құм, құмның қақ ортасында. Ол жерде шаруашылықпен отырған адамдар бар, олар еш жерге кете алмайды. Ең өкініштісі ертеңгі күні бұл жердегі мектеп жабылатын болса, онда балалар көрші ауылдарға, аудандарға кетеді, ата-ана сонымен бірге кетеді. Өйткені ойлаңыз, бірінші сыныпқа баратын 6 жасар баланы біз өзге ауылға жіберуіміз керек және сол ауыл-аудандарда көрші тұрған, ол жерде интернаттар жоқ.

Әрине ауылдың түтіні түзу шығу үшін шешілуі керек түйткіл көп. Инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың да сай болуы маңызды. Осы БҚО-дағы 400-ге тарта білім ошағының 84-і шекара маңында орналасқан. Тұрғындар көшін сиретпесе, олардың дені жабылып қалуы бек мүмкін.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы 2025 жылдың келесі сессиясына, яғни қыркүйек айына біз бір жұмыс тобын қойып отырмыз, ал енді қазан айына осы шекаралық аймақтағы мектептер бойынша комитетіміздің көшпелі отырысын қойдық. Бүгін соны бекіттім. БҚО барып, ауылдарды аралап жүріп, барлығын шақырып отырып, сол жерде осы мәселенің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетеміз. Бірақ мен үміттенемін, Үкімет соған дейін жеткізбей, біз айтқан мәселелерді қазірдің өзінде шешімін табуға тырысады деп. Өйткені бұл Мәжіліске әкеліп, 2 оқылымнан өткізетін, Сенатқа апарып, екі оқылымнан өткізетін, одан кейін мемлекет басшысы қол қойып, 60 күн күтетіндей, бұл заң жобасы емес, бұйрық, сондықтан мұны министр өздері дереу шеше алады.

Кейінгі 5 жылда елде 194 ауыл жойылған. Әсіресе шекара маңында қаңырап қалғаны қаншама. Мамандар бұл мәселені уақыт өткізбей шешу қажет дейді.

Мерей Мұратханқызы, Ерденбек Жылқайдарұлы, Өрден Жарқын