Е. Қошанов Қатарда өткен кезектен тыс араб-ислам саммитіне қатысты

Қатар астанасы Дохада шұғыл шақырылған араб-ислам саммиті өтті. Жиынға біздің елден Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. Палата спикері осы мінберде сөз алып, халықаралық қақтығыстарды реттеу бойынша мемлекетіміздің ұстанымын ортаға салды. Саммит барысында Ерлан Қошанов Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жеке кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Қатар Әмірі Израиль билігі жасаған әскери әрекетке қатысты Қазақстанның ұстанымын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. Мәжіліс төрағасы Газада болып жатқан қайғылы оқиғаларға тоқталып, Қазақстан тарапынан қаржылай және материалдық көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл үдеріс биыл қаңтар айында штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арқылы да жалғасты. Палестина халқына гуманитарлық көмекті арттыруда аталған ұйымның әлеуетін пайдалану маңызды. Сонымен қатар саммит алаңдарында Мәжіліс спикері Қатар Мемлекетінің премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдул-рахман Әл Тәнимен пікір алмасып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Қазақстан Израильдің Қатар Мемлекеті аумағындағы әскери іс-әрекетін қатаң айыптайды. Бұл ұстанымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы болып мәлімдеп, Қатар мемлекетіне табанды қолдауын білдірді. Жасалған шабуыл қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Бұл Қатар Мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді. Осындай шабуыл мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана емес, халықаралық тәртіптің негізін басшылыққа алатын мемлекеттердің теңдігі мен егемендігіне де нұқсан келтіреді.