Діндер басшылары Астанаға жиналды
Әлемдік дін басшылары Елордаға жиналды. Бүгін-ертең Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтеді. Съезге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Жиынға шамамен 60 елден 100-ден астам делегация қатысады. Олардың қатарында діндердің рухани лидерлерімен қатар, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері бар. Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Съез Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXIII отырысы болды.
Сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымы Өркениеттер альянсы аясында діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы өтті. Ал бүгін съездің пленарлық отырысы жоспарланған. «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» деп аталған форумда бірқатар өзекті мәселелер қаралады. Бұлардың қатарында бейбітшілікті сақтау, тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діндердің ролі сынды мәселелер бар.