Тоқаев: Су ресурстарын қорғауда жаһандық ынтымақтастық қажет

Дүниежүзінде су тапшылығы ушығып барады. БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында тапшылыққа кешенді көзқарас керек екенін жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет», - деді.

Яғни, бұл түйткіл тұтас жаһан жұдырықтай жұмылса ғана шешілуі мүмкін. Әлемді өзекті мәселемен бірлесе күресуге шақырды. Сондай-ақ бұл тақырып келесі жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитте күн тәртібіне шығатынын жеткізді. Арал қасіретін де еске салып, өзге су айдындарын қорғауға бірлесе жұмылу керегін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.