Қ. Тоқаев Энергетика министрін қабылдады
Елде мұнай өндірісі 4,7 пайызға өсіп, жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 млн тоннаға жетті. Электр энергиясын өндірісі де ілгерлеп, 2,3 пайызға артты, деп хабарлайды «24KZ».
Жыл басынан бері 102,4 млрд кВт/сағат өнім өндірілді. Ал халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі алдағы айларда 64,5 пайызға жетеді. Меже орындалса, 13,2 млн қазақстандық көгілдір отынның игілігін көрмек. Бұл жайлы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа отын-энергетика кешенін дамытудың биылғы он айдағы негізгі нәтижелері, жылыту маусымы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есеп берілді. Айталық, Отандық битум өндірісі 1,1 млн тоннаға жетіп, ішкі сұранысын толықтай қамтамасыз етті. Алда көрсеткіш көбеймесе, кемімейді. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынды. Сондай-ақ геологиялық барлауды жандандыру үшін 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты энергиямен және жылумен толық қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.