Италия Орталық Азиядағы алғашқы мәдени орталығын Қазақстанда ашады

фото: akorda.kz

Италия Орталық Азиядағы алғашқы мәдени орталығын Қазақстанда ашпақ. Ал Астанада атақты саяхатшы Марко Полоға көше атауы берілмек. Бүгін Италия президенті Серджо Маттарелла елге ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды 24kz.

Кездесуде сан саладағы серіктестікті талқылаған саясаткерлер бұл сапар екі ел қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді. Бұған қай салалардағы байланыс арқау болады?

Бекзат Аманов, тілші:

- «Барлық жол Римге апарады», - дейді италиялықтар. Бірақ сол жол президент Серджо Маттарелланы тағы Астанаға әкелді. Мәртебелі мейманның табаны биыл елге екінші мәрте тиіп тұр. Алғаш рет оның ұшағы техникалық жағдайға байланысты наурызда елорда әуежайына қонған. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев өзі күтіп алып, құрмет көрсетіпті. Ал бұл жолы Матерелла ресми сапармен келіп отыр.

Міне, ресми рәсімді аяқтаған саясаткерлер келіссөз залына беттеп барады. Италия Парламенттік республика. Тиісінше, бұл кездесуде саяси және мәдени гуманитарлық бағытқа басымдық беріледі. Әрине, сауда-экономика саласы да назардан тыс қалмайды.

Италия әлемдегі ең ірі 10 экономикалық державаның қатарына кіреді. Жаһанға ықпалын жүргізе алатын мемлекет негізгі сауда серіктестеріміздің үштігіне кіреді. Бірақ әлі де әлеуетті бағыт мол. Ал қатынасқа қарқын қосу тұрғысынан осы сапардың маңызы зор. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда.

Бұл – Италия тарапының биыл Қазақстанға жасаған жоғары деңгейдегі екінші сапары. Бұған дейін премьер-министр Джорджа Мелони келген еді. Дипломаттардың айтуынша, бұл Рим саясаткерлерінің Қазақстанға деген ықыласын көрсетеді.

Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италия, Мальта және Сан-Марино Республикаларындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Маңызды сапар. Өйткені Италияның және Еуропа елдерінің Қазақстанға және Орталық Азияға көзқарасын көрсетіп отыр.

Бұл сөз Серджо Маттарелланың мәлімдемесінде расталды. Италия президенті достыққа дем берудің маңызына тоқталып, кездесуге қуанышты екенін жеткізді.

Серджо Маттарелла, Италия президенті:

- Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде.

Тараптар талқылайтын тақырып көп. Сол үшін саясаткерлер келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Тауар айналымы жылдан жылға қарқынды дамып жатыр. Бұл көрсеткіш биыл 10 млрд доллардан асты. Соның 9,5 млрд долларға жуығы экспортқа тиесілі. Демек, негізгі тұтынушымыздың бірі деуге болады. Бірақ Италия мұнымен шектелгісі келмейді. Экспортты көбейтіп, қазақстандық тауарларды молынан алуға ниет білдіріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз.

Ал біз қандай тауар сала аламыз? Биыл Италия шикізат сатып алудан негізгі серіктесімізге айналып, алғашқы орынға шықты. Иә, қазір саудадағы серіктестік қазба байлықтардың есебінен жоғары. Бірақ біздің тарап бұл бағытты өзгертуге тырысады.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бидай, оған қоса күнбағыс майы да жаңа позиция. Негізгі мақсатымыз тек сауда саттық емес. Инвестициялық жағынан Италияның ірі өндірушілерін экономикаға шақырып, олармен бірлесіп, шикізаттық емес, жоғары қайта өңдеу өндірісін шығару үшін жұмыс атқарып жатырмыз.

Қазба байлықтың айналасындағы серіктестік те үзілмейді. Бұрын тек шикізат сатқан болсақ, енді сол өнімді өңдеп, дайын күйінде жеткізуге арналған жобалар бар. «Бұл екі тараптың да табысын арттыруға ықпал етеді», - дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:

- Майра Tecnimont компаниясымен екі жоба жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жобалардың инвестициялық құны 5,8 млрд долларды құрайды. Бұл – полиэтилен жоба бойынша, газ сепарациялау кешені, полиэтилен жобасының екінші кезеңі.

Бұл жолғы сапар саяси мәнге ие болғандықтан, мәдени бағытға басымдық берілді. Осы орайда Астананың орталық көшелерінің біріне саяхатшы Марко Поло есімі берілді.

Серджо Маттарелла, Италия президенті:

- Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашады. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді.

Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеуде. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері 8 миллиард долларға жуық қаражат құйды. БАҚ өкілдеріне брифинг берген Президент бұл бағыттағы байланыс қарқынды екенін айтып, келіссөз нәтижесімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін ең алдымен іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық.

Саясаткерлер цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен. Біздің

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ертең президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub-қа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса, қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық.

Мәдени мәміле де аз емес. Келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Оған қоса, Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады.

Серджо Маттарелла, Италия президенті:

- Италия мен Қазақстанның ғасырлардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, археологиялық және көркемөнер мұрасы өте бай. Бұл біздің гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды

Биліктегілердің берік байланысы бизнеске де әсер етпей қоймайтыны анық. Бір жылдың ішіндегі жоғары деңгейдегі екі сапар іскерлік топқа сенім сигналын жібереді. Демек, экономикадағы алыс-берісті де арқаны кеңге жайып, жүргізе беруге болады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы ПТРК