Жанкүйерлер: «Қайрат» лайықты ойын көрсетті

«Реал-Мадрид» Алматыдан үш ұпайын алып қайтты. Орталық стадионда испан командасы алаң иелерінің қақпасына жауапсыз бес доп соқты, деп хабарлайды 24kz.

Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне тұңғыш рет қатысып жатқан «Қайрат» үшін бұл матч үлкен тәжірибе болғаны анық.

Мықтылармен ойнап қана мықты болады, оған да уақыт керек. Ал, матчты тамашалаған жанкүйерлер Алматы футболшылары лайықты ойын көрсеткенін айтып жатыр.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Матч аяқталса да, жанкүйерлер бірден шыға қоймады. Әлі де трибунадан сүйікті ойыншыларына құрмет көрсетуде. Жанкүйерлердің бұл эмоциясы әлі де әуеде қалықтап тұр. Бүгінгі матч Алматы үшін нағыз футбол мерекесіне айналды. Ойын басталмай жатып-ақ фанаттар трибуналарды толтырды, қолдау бір сәтке де тоқтамады. Қала бір деммен қолдау көрсеткендей әсер қалдырды.

Алаңдағы ойынның әр сәтіне сарапшылар баға бере жатар. Ең бастысы, көрермендер шынайы ойын көре алды. Шын мәнінде, осы матчтың өтуі де «Қайраттың» жеңісі. Өз алаңында Еуропаның топ командасымен иық тіресе ойнау клуб үшін баға жетпес тәжірибе болса, ала доптың жанкүйерлері «Реалды» көруге мүмкіндік алды. Миллиондаған жанкүйердің басын қосып, керемет эмоция сыйлады. Әлем елдерінің назары Қазақстанға ауды. Енді «Қайрат» дегенде тек клуб емес, тұтас ел еске түседі.

Ерхан Серік, жанкүйер:

- «Қайраттан» көп нәрсе күттік. Бірақ өзінің деңгейіне әдемі ойнады. «Реалды» көрдім, армандаған команда. Жақсы өтті ойын.

Бақытжан Әбдуали, жанкүйер:

- Жалпы ойын жақсы. Әдемі өтті. Бұл жерде «Реал» жақсы ойнады. Біздікілер де жақсы ойнады. Әсіресе, біздің қақпашы жарады енді, ризамын өзім. Қанша дегенмен, фаворитпен ойнап жатыр. Сол үшін осы ойынға разымын.

Жанүкүйерлердің көңілі түскені байқалмады. Матчтан шыққан соң да олар көшеде «Қайратты» қолдауларын тоқтатпады. Себебі, мадридтік «Реалмен» мен кездесуінің өзі тарих. «Қайратты» тек алматылықтар қолдаған жоқ. Жанкүйерлердің арасында ел аймақтарынан арнайы осы ойын үшін келгендер де көп.

Қайсар Қуандықов, жанкүйер:

- Мен негізі «Ақтөбенің» жанкүйерімін. Бірақ мынандай шақта қазақ елін қолдамаса, кім қолдайды. Сондықтан Қазақстан алға, «Қайрат» алға.

Ерлан Жамалбеков, жанкүйер:

- «Реалдың» аты «Реал», фаворит. Сәйкесінше, «Қайрат» та жақсы ойнап жатыр.

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы жолы енді ғана басталды. Алматылық команданы алда «Пафос», «Интер», «Брюгге», «Олимпиакос», «Арсенал» және «Копенгаген» сынды қарсыластармен тартысты кездесулер күтіп тұр. Жанкүйерлер командадан мықты қарсыластармен лайықты ойын күтетіні сөзсіз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев