Ұлттық құрама әлем чемпионатына аттанды
Армат Арманұлы WBA Asia чемпиондық белдігіне таласуға мүмкіндік алды. Бокс кеші 31 қазанда Ақтөбе қаласында өтеді. Отандасымыз угандалық кәсіпқой боксшы Муса Бвогимен кездеседі, деп хабарлайды 24KZ.
Бақыт Сәрсекбаев баптайтын жас боксшылар әлем чемпионатына аттанды. 16 және 27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік дода өтеді. Оған 80-ге жуық елден 550 боксшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында қазақ қыз-жігіттері де бар. Яғни ұлттық құрама барлық салмақ дәрежелерінде бақ сынайды. Осы орайда ұлдар арасында 10, қыздар арасында 10 спортшы іріктеліп алынды. Бақыт Сәрсекбаев баптайтын ерлер құрамасында биылғы Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов бар. Сондай-ақ наурыз айында Будвадағы халықаралық турнирде топ жарған Әділ Асқанбай мен Данияр Ақбисенов алынды. Бұған қоса, Айдос Үсенов, Ақжүрек Қалабай, Әмір Рамазан, Тимур Тайбеков, Руслан Ахметов және Еркетан Жарқынбек сияқты жас боксшылар ел намысын қорғайды.
Әлем чемпионатына дайындық
Жеті спортшымыз әлем чемпионатына аттанады. Бірер аптадан кейін, нақтырақ айтқанда 27 қазан күні Қытайда ауыр атлетикадан дүниежүзілік дода басталады. Бұл Лос-Анджелес олимпиадасына іріктеудің алғашқы кезеңі болмақ. Бұған қоса, жарыс жаңартылған салмақ дәрежелері бойынша ұйымдастырылады. Дәл осы жарысқа жеті бірдей спортшымыз қатысуға мүмкіндік алды. Оның ішінде Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов сияқты әлем чемпиондары бар. Бұған қоса, ерлер арасында Петр Хребетов, Едіге Емберді, Алексей Чуркиндер бақ сынайды. Әйелдер арасында Аянат Жұмағали мен Любовь Ковалчук жүлдеге таласады. Байрақты бәсеке 27 қазанда басталып, 8 қарашаға дейін жалғасады.
«Барыс» «Сібірге» есе жіберді
«Барыс» «Сібірге» есе жіберді. Қос команда құрлықтық хоккей лигасы аясында Астанада жолыққан болатын. Матч алдында сарапшылар алаң иесін фаворит ретінде көрсеткен. Алайда айдында бәрі басқаша өрбіді. Есепті қонақтар ашты. «Барыс» бірінші кезең соңына дейін есепті теңестіріп, тіпті алға шығып та үлгерді. Алдымен Морелли, артынша Савицкий шайба соқты. Екінші кезеңде таблодағы нәтиже өзгермеді. Үшінші кезеңде «Сібір» хоккейшілері қатарынан екі рет мергендігімен көзге түсіп, қорытынды есепті 2:3-ке жеткізді. Осылайша, «Барыс» турнир тізіміндегі жағдайын нашарлатты. Қазір Шығыс конференциясының бесінші сатысына түсіп қалды. Михаил Кравец жаттықтыратын жігіттер енді өз алаңында Екатиринбург қаласының «Автомобилист» клубын қабылдайды. Матч ертең өтеді.